20.10.2022, 16:15
Оқылды: 105

Тал-теректі қымтайық

Күз келді. Ерте көктемнен бау-бақшасын баптаған теректіліктер еңбегінің жемісін жинап алды. Десек те, жиын-терінмен бақшадағы жұмыстар біте қоймайды. Тағы бір жауапты кезең – тал-теректі қысқыға дайындау басталады. Біз бүгін жеміс ағаштарын қысқыға жабу жұмыстары жайлы кеңестермен бөлісеміз.

6

Бау-бақшаны жинастыру

Ең алдымен, жерге түскен жапырақтарды тырнауышпен жинап алу керек. Содан кейін тал-терек басында қалған жемістерді де жинап алыңыз. Жолай ағаш діңдері мен бұтақтардың жағдайын байқап қараңыз. Егер оларды зиянкестер зақымдап, ауруға ұшыраған болса, міндетті түрде емдеңіз. Ауруға шалдыққан ағаштардан түскен жапырақтарды ауладан аулаққа шығарып, өртеп жіберген дұрыс. Өйткені жапырақтар келесі көктемде ауру таратуы әбден мүмкін. Ал сау ағаштардың жапырағын гүлдерді жабуға немесе тыңайтқыш ретінде қолдануға жинап алуға болады.

Жеміс ағашына жасалатын күзгі күтім

Ағаштарға жасалған күзгі күтім – келесі жылғы мол жемістің кепілі. Сондықтан ағаштарды қысқыға күтімсіз қалдыруға болмайды. Алдымен ағаштың ескі қабығын, жабысып өскен мүк пен қына болса, алып тастаңыз. Әйтпесе, оның астына зиянкестердің ұрығы - құрттары қыстап шығады да, көктемде жанданып, ағашты зақымдайды.

Суару

Жеміс ағаштарының қысқыға құрғақ күйде кетпеуі өте маңызды. Егер күзде жаңбыр аз болып, ылғал жеткіліксіз болса, ағаш дінін айналдыра су құйыңыз. Күзгі суаруға шамамен 50 литрдей су керек. Оны бөліп, сағатына 12-15 литрден құйып отырған жөн. Топырақ 1 метрдей тереңдікке сулануы тиіс. Су температурасы ауа температурасынан 5 градустай жоғары болуы қажет екенін есте ұстаңыз.

Ағаш бұтақтарын кесу

Аяз басталғанға дейін, жаңбырсыз құрғақ күні жеміс ағаштарының бұтақтарын кесуге болады. Бақша қайшысы немесе арамен кеуіп қалған, зақымдалған немесе қисық өскен бұтақтарды толықтай кесіп тастаңыз. Содан соң кесілген жерді майлы сыр, мыстың күкірт қышқылы (тотияйын) (1 шәй қасығын 1 литр суға езіп) немесе бақ нұмымен сылап тастаңыз. Кескен бұтақ орыны сыланбай ашық қалса, шірік түсуі немесе зиянкестер қоныстануы мүмкін.

Талға тыңайтқыш

Қара қарақатқа күтім жасауды 5 жылдан асқан талдарын кесуден бастаңыз. Ал қызыл және ақ қарақаттардың 8 жылдан асқан бұталарын түбінен кесіп тастау қажет. Сонда көктемде жас өскіндері тез көтеріледі. Талдар жақсы қыстап шығу үшін бұтақтарын кесіп болғаннан соң түбіне калий-фосфорлық тыңайтқыш сеуіп, қоректендіріп қойған дұрыс.

Таңқурай

Жазғы таңқурайдың жеміс беріп болған, ауру және бір түпті қалыңдатып тұрған өскіндерді өткір бақ қайшысымен кесіп тастаңыз. Түпте сау, біржылдық өскіндерді ғана қалдыру керек. Өскіндер ұзын болса, оларды жерге қарай иіп қойған дұрыс. Сонда аязда үсік шалмайды. Үзбей жидектенетін таңқурайдың талдарын жерге жеткізе кесесіз.

Қысқыға таңқурайды 1:12 есебімен тауық саңғырығы қосылған шіріген көңмен  (1 шаршы метрге 6 келі) қоректендірген жақсы нәтиже береді.

Аурулар мен зиянкестерден қорғау

Ағаштарды қысқыға дайындау кезінде оны зең басқанын байқасаңыз, сол жерге дереу бордос сұйықтығының 3 пайыздық ертіндісін шашыңыз. Коккомикоза, қотыр, ақұнтақ және т.б. кең таралған аурулардың қоздырғыштарынан арылу үшін ағаштың басына несепнәр (0,5 келі несепнәрді 10 литр суға) сеуіп тастаңыз. Сондай-ақ несепнәрдің 1 келісін 10 литр суға ерітіп, жеміс ағашын айналдыра құйып шығу керек.

Зиянкестермен күресудің тағы бір тиімді жолы – ағаш діңін айналдыра 20 см тереңдікке айырмен қопарып шығу. Осыдан соң жәндіктердің құрттары жер үстіне шығып қалады да, салқында үсіп, жойылып кетеді.

Ақтап қою

Ағаштарды зиянкестер мен көктемгі күнге күйіп қалудан сақтау үшін ағаш діңін ең төменгі бұтаққа дейін жеткізіп, ақтап қойыңыз. Ол үшін арнайы сатылатын дайын ертіндіні (мамандандырылған бау-бақша  дүкендерінде сатылады) қолдануға немесе 3 келі әк пен 500 грамм мыстың күкірт  қышқылын 10 литр суға езіп, сол қосындымен ағаш діңін ақтап шығуға болады.

Кеміргіштерден қорғау

Қыстың күні қояндар мен тышқандар ағаш діңін кеміріп күн көреді. Соның кесірінен қабығы бұзылып, жалаңашталған ағаштар қыста үсіп кетеді. Ондай жағдай болмауы үшін ағаштың діңін 50-100 см биіктікке жеткізе капрон шұлықтармен немесе кесілген пластик құты, рубероидпен орап тастаңыз.

Материалды ғаламтор көмегімен дайындаған:

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале