6.08.2024, 17:15
Оқылды: 41

Тамшыдан нәр алады түгел бақша

Ақжайық ауданының Бударин ауылдық округіне қарасты Коловертное ауылынан көп алыс емес, шамамен 4 шақырым жүрсеңіз, бақшаға тап боласыз. Бұл – «Ауыл-Шаңырақ» ауыл шаруашылығы кооперативіне тиесілі танап.

карбыз

Дәл қазір бақша басында тірлік қыз-қыз қайнап жатыр. Көкөніс пен әбден піскен қауын-қарбызды жігіттер көлікке тиеп, жуық маңдағы ауылдар, облыс орталығына жөнелтуде. Былтыр ғой, іске ширақ 7 азаматтың кооперативке бірігіп, ауылдық округ әкімшілігі бөлген танаптан 7 гектар жер алғаны.

IMG_3821

– Кооперативтің басында тұрған  азаматтардың бәрі де – осы ауылда өскен жандармыз. Кейінірек қалаға қоныс аударсақ та, еңбегімізді туған мекенімізге арнайық деп, Коловертноеда бақша шаруашылығын өрістетуді қолға алдық. Бастамамыз қолдау тапты, жер алдық. Алдымен танапты түгел қоршап шықтық. Бірден айта кету керек, ауылдастарымыз көп көмек көрсетті осы істе. Жерлестеріміздің қайырымдылығын айтсаңызшы, қоршап болған соң, ұсынған еңбекақыны да алмай кетті. Болсын деген ниеттен ғой бұлары, – деген еді былтыр газетімізге берген сұхбатында кооператив жетекшісі Тілек Шаяхметов.

Бақшаны бағбандар іргедегі қара судан суарып отыр. «Судың да сұрауы бар» екенін түйсінген азаматтар биыл арнайы құрылғы сатып алып, бүкіл танапқа тамшылатып суару жүйесін тартып қойыпты. Демек, түгел бақша тамшыдан нәр алып тұр. Тек еліміз емес, бүкіл әлем суды үнемдеу қажеттігін айтып, дабыл қағып жатқанда, шаруалардың бұл ісі құптарлық.

Жер жомарт қой, тың танап болған соң, өнім де молынан. Көкөністен пияз, картоп, сәбіз, қырыққабат пен ащы, тәтті бұрыш, тәттісінен қауын мен қарбызын өсіріп, былтыр аудан, облыс орталығында өткен ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерінде саудалады. Биыл да науқанның дәл қызған шағын мүлт жібермей, алыс-жақын базарларға өз өнімдерін жөнелтуде.

Айта кетелік, кооператив қазіргі таңда 12 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Әлия Шарапиева, 

Ақжайық ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале