20.07.2022, 14:30
Оқылды: 44

Тәрбие балабақшадан басталады

Теректі ауданы Подстепный ауылындағы «Бәйтерек» бөбекжайының тәрбиешісі Тотыгүл Мырзабаева – бар білігі мен білімін, өмірлік және еңбек тәжірибесін бала тәрбиесіне арнаған жан.

IMG-20220719-WA0068

«Мектепке дейінгі ұйымдарда интеллектуалдық ойындар арқылы бала қиялын дамыту» тақырыбы бойынша жұмыстанып жүрген ол -өз ұжымына да, ата-аналарға да сыйлы маман.

- Менің негізгі мақсатым – балаларға жақсы көңіл күй сыйлай отырып, саналы тәрбие, сапалы білім беру. Тәрбие отбасынан басталады. Сондықтан тәрбиеленушінің ата-анасы, жанұясымен жете танысып, үнемі қарым-қатынаста боламын. Әр бала өзіне деген сүйіспеншілік пен құрметті қалайды. Бала жанын түсініп, мақтап, қолпаштап, көмек көрсету арқылы ғана оны тәрбиелеймін. Балабақшада дұрыс тәлім-тәрбие бере алсақ, ол ертең мектепке барып, саналы түрде сапалы білім алуға тырысады,- дейді Тотыгүл Абайқызы.

Баланы дамыту үшін өзіңнің жан-жақты, дамыған және ізденімпаз болуың тиіс екенін білетін ол өз білімін үнемі жетілдіріп отырады.

2012 жылдан бері он жыл осы ұжымда еңбек етіп келе жатқан Тотыгүл Абайқызы байқауларға қатысып, түрлі жүлде алып жүр. Мәселен, 2018 жылы үш бірдей марапат алған екен. «Үздік балабақша тәрбиешісі» төсбелгісін, «Өнерге қосқан үлесі үшін» медалі мен «Шығармашыл педагог» кубогын иеленген ол биыл да қоржынын толықтырды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолдауын насихаттау мақсатында өткізілген байқауда Т.Мырзабаева «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі» атанып, І дәрежелі диплом, «ҚР Білім және ғылым саласына қосқан ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.

Еңбегі жанып, еленген Тотыгүл Абайқызына жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбегің жансын дейміз.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале