18.08.2026, 11:15
Оқылды: 8

Тарихын таныған ұрпақтың болашағы жарқын

«Білекті бірді жығар, білімді мыңды жығар»,- дейді дана халқымыз. Спортшы үшін күш пен шеберлік қана емес, туған елдің тарихын, мәдениеті мен рухани құндылықтарын білу де маңызды.

11377b62-70bc-4d1f-b4cf-d1ca9c4edf75

Осы мақсатта Спорт күніне орай Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейінде Теректі аудандық Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің грек-рим күресі бөлімінің талай жарыстың жеңімпаздары атанған тәрбиеленушілерімен тағылымды кездесу кеші өтті.

Кездесу барысында жас спортшылар аудан тарихымен танысып, жергілікті археологиялық жәдігерлерді тамашалады. Әрбір экспонат туған өлкенің бай мұрасынан сыр шертіп, олардың тарихи танымын кеңейтті.

Шараға қатысқан грек-рим күресінің бапкері Айдын Нұрланұлы өз ісіне адалдығымен, тың жаттықтыру әдістемесімен шәкірттерін талай дүбірлі додада жеңіс тұғырына көтеріп жүрген білікті маман. Оның тәрбиеленушілері ауданның ғана емес, өңірдің мақтанышына айналып келеді.

Кездесу барысында спортшының тек жеңімпаз ғана емес, барған жерінде қазақ халқының тарихын, тәрбиесін, мәдениетін танытатын елшісі екені ерекше айтылды.

Шара соңында қонақтар музейдің пікірлер мен тілектер кітабына естелік жазбаларын қалдырып, естелік суретке түсіп, музей атынан әзірленген шағын сыйлықтарға ие болды.

Осындай тағылымды кездесулер жас ұрпақтың елге деген сүйіспеншілігін арттырып, тарихын құрметтеуге, жеңіске жігерленуге жол ашады.

Музей — тарих сақталған орын ғана емес, ұрпақ пен өткенді жалғайтын рухани көпір. Туған өлкенің тарихымен жақынырақ танысып, құнды жәдігерлерді тамашалап, өткенімізден өнеге алу үшін Теректі музейіне келіңіздер!

 

Гүлім ЕЛЕМЕСҚЫЗЫ,

Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале