19.05.2023, 10:31
Оқылды: 35

«Тәртіп бар жерде, бәрекелі іс бар»

Бәйтерек ауданы әкімі Марат Тоқжанов Янайкин, Көшім, Щапов ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесіп, аталмыш ауылдар әкімдерінің биылғы жылдың І тоқсанында атқарған жұмыстары туралы есептерін тыңдады.

7e630606-30e1-42dd-9713-4fbc10e827a1

Янайкинде біраздан бері айтылып келе жатқан өзекті мәселенің бірі – кәріз суына қатысты.

 - Бұл мәселе бойынша аудандық мәслихат депутаты Думан Шановпен бірге жұмыстандық, -деді ауыл әкімі Сәуле Аққайырова.

-Тұрғындар Көшім ауылынан келетін ассенизатор көлігінің бір рейсі үшін төленетін орта есеппен 15 мың теңгені қымбатсынып отыр. Олар мал бордақылау кешені ауласындағы кәріз құдығына төккісі келеді. Алайда біз бұл компания басшыларынан рұқсат ала алмай отырмыз, - деді әкім.

463ade1e-a1d1-47c1-b632-8bfec2671ffc

Септикке қатысты түйіткіл әлі де көкейкесті екенін аудан басшы да атап өтті. Әкімнің сөзіне қарағанда, бұл бағыттағы жобаға қатысты дайындық әлі жүріп жатыр. БҚО экология департаментімен келісілуде.

-Арнайы орын салу технологиясы тиісті талапқа сай болуы керек.

 Соған орай осынау жұмыстарды атқаруға бірде-бір компания құлық танытып отырған жоқ. Себебі, мұнда жауапкершілік жоғары. Әзірге Көшімнен келетін ассенизатор көліктерінің қызметтерін пайдалануға тура келеді. Басқа амал жоқ. Екі айда бір тасымалдаудағы 15 мың теңге ондай көп қаржы емес қой. Осыған түсінікпен қарайық, - деді Марат Лұқпанұлы.

Жиын барысында ауыл тұрғындарымен мал моласын салу, тіс дәрігері қызметінің қысқаруы, қараусыз мал мәселелері көтеріліп, тиісті жауаптар берілді.

d1910a06-fe8f-4097-9267-800c00505bc9

 Үлкен Шаған ауылында өткен жиында да біраз мәселе көтерілді. Аманжол Ғабдуллин Көшімге клуб салынады деп айтылғанға жиырма жылға жуық уақыт болғанын айтты. Биыл нақты болады деген әлі еш белгі жоқ. Сонымен биыл бастала ма, жоқ па?

-Клуб биыл Щапов ауылына салынады. Біз сондай-ақ бес мыңнан аса халқы бар, клубы жоқ Достық ауылында мәдениет нысанының іргетасы қалануына барымызды салудамыз. Ал Көшім мен Макаровқа клуб салу келесі жылдың жоспарында бар. Бұл төрт ауылға салынатын клубтың сметалық құжаттамалары дайын тұр, - деді Марат Тоқжанов.

86f022c8-723e-4f89-9f93-2d75110feed5

Өркен ауылынан келген Назгүл Аманғалиева тұрғындар жолдың жөнделіп жатқанына, ауылда жаңа мектеп құрылысы басталғанына риза екендерін айтып, стихиялық қоқыстардың реттелуіне, ауылды абаттандырып, тал-терек егілуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына барынша мүмкіндік туғызып жүрген ауылдық округ басшылығына алғысын білдірді. Мұндағы жиында да ауылдық округ орталығындағы тазалық, мал бағымы және өзге де мәселелер сөз болды.

Щапов ауылында алдыңғы кездесуде тұрғындармен айтылған ұсыныстар бойынша алынған іс-шаралар мен басталған жұмыстар сөз болды. Солардың бірі – ауылішілік жолдарды күрделі жөндеу. Қазір бұл бағытта қарқынды жұмыс жүруде. Биыл Щаповтағы 2,3 шақырым жолға асфальт төселіп, тротуар салынады. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүруде. Жалпы округ орталығындағы 20 көшедегі жолдың ұзындағы 12,9 шақырымды құраса, оның 54 пайызына қатты жабын төселген.

Жиында тұрғындар тарапынан көтеліген мәселенің бірі – ауыл ішінде көліктердің жоғары жылдамдықпен жүруі. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары болады.

- Көшеде жоғары жылдамдықпен жүргендердерді телефонға түсіріп, жіберу туралы тұрғындар айтып келе жатырмын.

Бір жаман әдет бар, мұндай жандарды тұрғындар көрсе де кім екенін айтпайды. Мен олар туралы ешкімге тіс жармайтынымды да жеткіздім. Бір-бірін жасырады. Таяуда арнайы іс-шара өтіп, учаскелік полиция қызметкерлері 5-6 мотоциклдің иелерін ұстап, айыппұлдарын салды, - деді ауыл әкімі Біржан Нұрбайыров.

ce80f283-16ce-4d94-93eb-b3b78f227365

 Аудан әкімі егер олар мұндай әрекетке тағы барса, учаскелік полиция қызметкері олардың мотоциклдерін тартып алу керектігін айтты. Ол техникаларды айыптұрағына қою қажет.

- Техника иелері келіп, кешірім сұрап, көліктерін алғысы келсе, олардан енді мұндай әрекетке бармау туралы қолхат алу керек. Бұл істі әкімдік қызметкерлері мен полиция атқарады деп қарап отырмай, әркім өз бала-шаға, ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-көлеміне айтып жүргені жөн. Егер телефонға фотоға түсіруге мүмкіндік болса, көлікті, оның нөмірін, жүргізушінің бет-жүзін түсіріп алып, әкімге, не полиция инспекторына жіберсеңіз нұр үстіне нұр. Осындай әрекеттің нәтижесінде ғана тәртіп болады. Ал тәртіп бар жерде, бәрекелі іс бар, - деді Марат Лұқпанұлы.

 

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале