15.10.2025, 16:00
Оқылды: 262

Тасқала аудандық спорт клубының құрылғанына 10 жыл

Тасқала спорт кешенінде аудандық спорт клубтың 10 жылдық мерейтойына арналған спартакиаданың ашылуы өтті.

image-15-10-25-10-30-21111

Іс-шараның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан, сондай-ақ көршілес аудандардан келген спорт клубтарының жетекшілері қатысты. Алғы сөз алған сөзді аудан әкімінің орынбасары бүгінгі спартакиаданың маңыздылығына тоқталып, қатысушы командаларға сәттілік тіледі. «Біздің спорт клубымыз – тарихы терең, талай аудандық, республикалық және халықаралық жарыстарда абыроймен өнер көрсеткен спортшыларды тәрбиелеген орда. Осындай жетістіктерге жету ұжымының ауызбіршілігінің, жаттықтырушылардың жоғары кәсібилігінің және спортшыларымыздың ерен еңбегінің нәтижесі деп білеміз. Биыл спорт клубымыздың құрылғанына 10 жыл толып отыр. Осы мерейтойға орай ұйымдастырылып отырған аудандық ашық спартакиада барша спортсүйер қауым үшін үлкен мереке. Барша қатысушыларға сәттілік, әділ бәсеке және жеңіс тілеймін», - деді Әли Сағдатұлы.

Ашық аудандық спартакиада облысымыздың аудандарынан жеті команда қатысуда. Атап кетсек, Ақжайық ауданынан «Жігер» спорт клубы, Бәйтерек ауданынан «Бәйтерек» спорт клубы, Жәнібек ауданынан «Жәнібек» спорт клубы,  Теректі ауданынан «Теректі» спорт клубы,  Сырым ауданынан «Қайсар» спорт клубы,  Шыңғырлау ауданынан «Шыңғырлау» спорт клубы және жергілікті «Тасқала» спорт клубы командары  бірнеше спорт түрлерінен өзара бақ сынайтын болады.

Ашылу салтанаты барысында спортшылар мен көрермендерге мерекелік бағдарлама ұсынылды. «Жібек жолы» би ансамблі көрермендерге «Көктем нұры» биін тарту етсе, жергілікті әнші Тимур Тапалов өз дауысымен жүректерге жылы әсер қалдырған «Атамекен» әнін орындады.

Ашылу салтанаты аяқталған соң төрешілер өз орындарына жайғасып, алғашқы спорт түрлерінің басталғаны хабарланды. Қатысушылар футбол, волейбол, шахмат, үстел теннисі секілді спорт түрлерінен бақтарын сынайды.

 

Еламан Құспанов,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале