Елімізде ауылдық елді мекендерді дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Осындай игі бастамалардың бірі бүгін Шежін ауылдық округіне қарасты Еменжар ауылында жүзеге асты.

Ауыл тұрғындарының көптен күткен тілегі орындалып, елді мекенге газ тарту жұмыстары сәтті аяқталды. Жұмыс “AMANAT” партиясымен, жергілікті демеушілердің және бірқатар шаруа қожалықтарының қолдауымен іске асқан. Газ тарту жұмыстарын «Шоки» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырды. Жалпы ұзындығы 14 шақырымды құрайтын газ құбыры ауыл ішіне толықтай тартылып, көгілдір отын пайдалануға берілді.
Салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан аудан әкімі Талғат Шакиров ауыл тұрғындарын қуаныштарымен құттықтады.
"Бүгін еменжарлықтар үшін қуанышты күн. Көптен күткен көгілдір отын ауылдарыңызға жетіп отыр. Ауданда газбен қамту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жыл басында Алмалы ауылына газ жеткізсек, бүгін Еменжар ауылы кезекке келді. Алдымызда Жігер мен Өркен ауылдары тұр. Осы жұмыстардың нәтижесінде аудан 95 пайызға көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі бастаманы қолдаған тұрғындарға, атсалысқан азаматтарға алғыс айтамын",- деген аудан басшысы газ тарту жұмыстарын абыроймен атқарған мердігер өкілі Абзал Тойшыбаевқа Алғыс хат табыстады.
Салтанатты шара барысында ауыл ақсақалы Михаил Тоғызбаев та сөз алып, игі істің ұйымдастырылуына ұйытқы болған аудан басшылығына, ауыл тұрғындарына ризашылығын білдірді.
Халықтың пайдалануына берілген көгілдір отын алауын жағу құрметі аудан әкімі Талғат Асқарұлы мен ауыл тұрғыны Гүлбаршын Бегәліқызына берілді. Рәсім кезінде ән шырқалып, шашу шашылып, тұрғындар көтеріңкі көңіл күйге бөленді.
"Бүгін ауылымыз үшін айтулы күн. Қуанышымыз шексіз. Газ келеді дегенде сенер-сенбесімізді білмедік. 45 жылдан бері осы ауылда тұрамын, көгілдір отын тек биыл келіп отыр. Бұрын үлкен ауыл едік, енді газ қосылғасын ауылымыз жанданып, жастар оралады деген үміттеміз. Осындай игі іске атсалысқан барша азаматтарға алғысым шексіз",-дейді ауыл тұрғыны Гүлбаршын Габдулова.
Болатбек Сапарғалиев,
Тасқала ауданы