23.02.2026, 16:00
Оқылды: 82

Тасқала ауданында ағылшын тілі мұғалімдеріне арналған облыстық семинар өтті 

Тасқала ауданы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясында ағылшын тілі пәні мұғалімдеріне арналған «PROJECT & RESEARCH BASED LEARNING IN ELT (English Language Teaching)» тақырыбындағы облыстық семинар ұйымдастырылып, аймақ педагогтерінің кәсіби тәжірибе алмасу алаңына айналды.

фото 3 (2)

Аталған семинардың негізгі мақсаты – педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыру, оқыту үдерісіне енгізіліп жатқан заманауи әдіс-тәсілдерді тәжірибеде көрсету, сондай-ақ үздік педагогикалық тәжірибелерді кеңінен тарату болды. Білім беру саласындағы жаңашылдықтарды меңгеруге қызығушылық танытқан ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері семинар жұмысына белсенді қатысып, өзара пікір алмасуға мүмкіндік алды.

фото 4 (1)

Шараның ашылу рәсімінде  аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айгүл Касимова мен БҚО әдістемелік орталығының әдіскері Ұлпан Ажикенова сөз алып, семинарға қатысушыларға жылы лебіздерін білдіріп, мұндай кәсіби кездесулер педагогтердің ұстаздардың өзара тәжірибе алмасуына және білім сапасын арттыруына  ықпал ететінін атап өтті. Олар өз сөздерінде қазіргі білім беру кеңістігінде мұғалімнің үздіксіз кәсіби дамуы мен жаңашылдыққа ашық болуының маңыздылығына тоқталды.

Мектеп директоры Жанар Жұмалиева қонақтарды білім ордасының жетістіктерімен, оқу-тәрбие бағытындағы жұмыстарымен және даму жоспарларымен таныстырды. Сонымен қатар семинар қатысушылары жуырда ғана ашылған мектеп мұражайына  экскурсия жасады. Мұнда қонақтар мектептің қалыптасу тарихы мен жеткен  жетістіктерін, үздік ұстаздар мен түлектерне  арналған жәдігерлерді тамашалап, білім ордасының рухани-тарихи мұрасымен танысты. Жаңадан ашылған музей қатысушыларға ерекше әсер қалдырып, тәрбиелік маңызы жоғары бастама ретінде бағаланды.Іс-шара бағдарламасы аясында ұйымдастырылған ашық сабақтар семинардың мазмұнын байыта түсті. Педагогтер оқытудағы инновациялық тәсілдерді тәжірибе жүзінде көрсетіп, әріптестеріне жаңа идеялар ұсынды.

Атап айтқанда,

–Айнур Қайыргалиева «Multiple intelligences theory» тақырыбында сабақ өткізіп, оқушылардың қабілеттерін жан-жақты дамытуға бағытталған әдістерді көрсетсе, Ранида Мендыбаева «Parks around the world» тақырыбы арқылы тіл үйретуде мәдени-танымдық мазмұнды тиімді кіріктіру жолдарын таныстырды. Ал, Айнагүл Мулдашева «Vocabulary: Home and garden» сабағында лексиканы меңгертудің белсенді тәсілдерін қолданды. Асель Қадырберлиева «Healthy food» тақырыбында оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамытуға бағытталған практикалық жұмыстар жүргізді.

фото 1

Ашық сабақ барысында қатысушылар оқушылардың сабаққа жоғары қызығушылықпен қатысып, топтық және зерттеу жұмыстары арқылы өз ойларын еркін жеткізе алғанын ерекше атап өтті.

Сондай-ақ, семинардың ерекше сәттерінің бірі бастауыш сынып оқушылары дайындаған “Learning English the Fun Way” атты сахналық қойылым болды. Оқушылардың актерлік шеберлігі мен ағылшын тілінде еркін сөйлеуі көрермендер тарапынан жоғары бағаланып, тіл үйренудің шығармашылық тәсілдерінің тиімділігін көрсетті.

фото

Іс-тәжірибе бөлісу алаңында мұғалімдер жобалық және зерттеушілік оқытудың ерекшеліктері, білім беру үдерісінде жасанды интеллект құралдарын қолдану, оқушылардың сөйлеу дағдыларын дамыту, бағалау жүйесі мен рефлексия жүргізудің тиімді жолдары туралы мазмұнды баяндамалар жасады. Пікірталас барысында қазіргі заман мұғалімінің рөлі тек білім беруші емес, бағыттаушы әрі зерттеуші екені кеңінен айтылды.

фото 5

Қатысушылар жобалық оқыту оқушылардың сыни ойлау қабілетін арттырып, өздігінен іздену дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті. Сонымен қатар цифрлық технологияларды тиімді қолдану білім сапасын арттырудың маңызды құралы екені де тілге тиек болды.

Семинар соңында өткен рефлексия және кері байланыс сессиясында педагогтер алған әсерлерімен бөлісіп, болашақта осындай тәжірибелік алаңдарды жиі ұйымдастыру қажеттігін жеткізді. Қатысушылар кәсіби ынтымақтастықты нығайту, бірлескен жобалар әзірлеу және жаңашыл тәжірибелерді жүйелі түрде тарату жөнінде ұсыныстар айтты.

фото 7

Облыстық деңгейде ұйымдастырылған бұл семинар педагогтердің кәсіби дамуына серпін беріп қана қоймай, ағылшын тілін оқытудағы заманауи бағыттардың тиімділігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай мазмұнды кездесулер білім сапасын арттыруға және шығармашыл ұстаздар қауымын қалыптастыруға үлкен үлес қосары сөзсіз.

Еламан Құспанов, 

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале