Бүгін Тасқала ауданы Ақтау ауылдық округінде тұрғын үйлердің кілті табыс етіліп, ауыл тұрғындары пәтерлі болды. Баспана адам өмірі мен тұрмыс тіршілігінде зор маңызға ие ең басты қажеттіліктердің бірі. Тиімді бағдарламалардың арқасында соңғы жылдары елімізде көптеген отбасы тұрғын үйге ие болды.Осының бәрі ұлттық бірегейлігімізді нығайту және елімізді қарқынды дамыту үшін өте маңызды.
«Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға «Халықпен бірге!» бағдарламасы аясында және Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 23 қыркүйектегі № 736 қаулысына сәйкес, 2024 жылы Тасқала ауданына кезекте тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына арналған 34 пәтер сатып алуға жалпы құны 652478,0 теңгені құрайтын қаражат бөлінген болатын. Соның нәтижесінде бүгін Ақтау ауылдық округінде бой көтерген алты үйдің кілті табыс етілді. Аталмыш шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, аудандық мәслихат хатшысы Жанар Бисенғалиева, «AMANAT» партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Жұбанышқалиева мен ауыл тұрғындары қатысты.
- Қайырлы күн,құрметті жерлестер. Бүгінгі шарамызбен тұспа-тұс келген қаржыгерлер мерекесі құтты болсын. «Аманат» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» бағдарламасы аясында және облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тапсырмасы бойынша, биыл Тасқала ауданында 34 үй бой көтеріп жатыр. Алғашқы кілтті Ақтау ауылдық округінде табыстағалы тұрмыз. Жалпы аудан бойынша 496 кісі үй кезегінде тұр. Биыл жылдың аяғына дейін, сол 34 үйді табыстайтын боламыз. Өздеріңіз куә ауылдарға да үйлер салынып, ауыл ішілік жолдарға асфальт төселіп, ауылымыз жылдан жылға көркейіп жатыр.Келесі жылы электро желілерін ауыстырсақ, бетке ұстар ауылдардың бірі болатыны сөзсіз. Жаңа қонысқа кірген жерлестерімізге, шын жүректен қоныс құтты болып, іші тек бақытқа толы болсын дегім келеді!Дендеріңізге саулық тілеймін.Осы үйлерді салып жатқан өзіңізбен бірге жүрген,мердігер Ерлан Самиғоллаұлы мен жұмыстың басы-қасында жүрген ауыл әкімі Бауыржан Серікұлына алғысымыз шексіз, - деді аудан әкімі.
Бүгін біздің жанұя үшін өте қуанышты күн. Міне, бүгін Алланың қалауымен баспаналы болып жатырмыз.Тасқала ауданының әкімшілігіне ризашылығымды білдіремін.. Өзімде жанұямда барлығы дерлік қуанышты. Қонысымыз құтты болсын! Үйіміз тек бақытқа, шатыққа толы болсын,-дейді жаңа қоныстың иесі Майра Исмагулова.
Осындай шара түсқайта Мерей ауылында жалғасты. Мұнда кезекте тұрған адамдарға 8 үйдің кілті табысталды. Салтанатты шарадан соң ауыл тұрғындары сөз алып, аудан басшылығына ризашылықтарын білдірді. Ән шырқалып, шашу шашылды. Содан соң аудан әкімі Талғат Асқарұлы жаңа пәтерді көрді. Заманауи үлгіде салынған үйде барлық жағдай жасалған. Мұндай пәтерлі алдағы жылда да салынып, халық игілігіне берілетін болады.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы