19.04.2025, 10:00
Оқылды: 367

Тасқала ауданында дәстүрлі «Көктем жәрмеңкесі» өтті

Елімізде халықтың басым бөлігі ауылдық жерде тұратынын ескерсек, ауыл шаруашылығын дамыту-мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Осы бағытта әрқашан ел қамын назарда ұстаған Үкімет тарапынан ауыл тұрғындарын қолдауға арналған түрлі тиімді бағдарламалар жүзеге асырылып келеді. Бұл-ауылдың әлеуетін арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жолындағы жүйелі қадамдардың көрінісі.

IMG-20250418-WA0081

Сол игі бастамалардың бір дәлелі ретінде «Жастар» стадионында өткен дәстүрлі «Көктем» жәрмеңкесін айтуға болады. Жәрмеңке жергілікті тауар өндірушілерді қолдап, ауыл тұрғындарына ағаш және гүл көшеттерін, құс балапандарын делдалсыз, қолжетімді бағамен ұсыну мақсатында ұйымдастырылды. Аталған жәрмеңкеде ауданның әр түкпірінен келген кәсіпкерлер мен бағбандар өз өнімдерін тікелей саудалады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші жергілікті кәсіпкерлер өздерінің төл өнімдерін ұсынса, өзге өңірлерден келген бағбандар мен құс өсірушілер де тұрғындар үшін сапалы әрі пайдалы тауарларды саттыққа шығарды. Атап айтқанда, түрлі жеміс ағаштарының көшеттері мен әртүрлі құс тұқымдары – тауық, үйрек, қаз, бройлер балапандары саудаға шығарылды. Соңғы төрт жылда аудан тұрғындары жаз бойы балапан баптап, оны табыс көзіне айналдырып келеді. Бұл дегеніміз ауыл тұрғындарының іскерлікке бет бұрып, өз кәсібін дамытуға деген ынтасының жоғары екендігінің белгісі. Осыған орай ұйымдастырылған жәрмеңкеде сұранысқа ие өнімдердің сатылымы жоғары болды.

IMG-20250418-WA0085
Шараның ашылу салтанатына арнайы қатысқан аудан әкімінің міндетін атқарушы Рауан Рахметуллин жиналған көпшілікті жәрмеңке күнімен құттықтады. «Баршаңыз дәстүрге айналған ауданымыздың ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне қош келдіңіздер. Ауыл шаруашылығы – біздің ауданның тірегі. Бүгінгі жәрмеңке – жергілікті кәсіпкерлерді қолдап, ауыл тұрғындарына тиімді бағамен өнім ұсынудың бірегей мүмкіндігі. Бұл шара бір реттік емес. Алдағы уақытта да осындай жәрмеңкелер тұрақты түрде ұйымдастырылады. Баршаңызға табысты сауда, мол өнім тілеймін», - деді Рауан Бисенғалиұлы. Жәрмеңке аясында дәстүрлі шараға өз үлестерін қосып, жыл сайын қатысып келе жатқан бірқатар кәсіпкерлер аудан әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Олардың қатарында қатарында Рубеженский» АӨК басшысы Вера Рубцова, «Дана» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Гүлім Қадырқұлова, «Сад Жайна» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Жайнагүл Махражанова, «Вориводин» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Алексей Вориводин, «Сұлтан» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Аманкелді Серікұлы сынды кәсіпкерлер бар.

IMG-20250418-WA0082
Сонымен қатар, «Мұхаммеджан» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің директоры Қуаныш Бекбергеновтың атынан ауылдың үш тұрғынына құс балапандары тарту етілсе, «Сад Жайна» және «Сұлтан» жеке кәсіпкерлігінің демеушілігімен ауылдың үш азаматына жеміс ағаштарының көшеттері табысталды.
«Құс шаруашылығында жиырма жылдық тәжірибем бар. Орал қаласынан келіп, Тасқала ауданындағы жәрмеңкелерге бірнеше жылдан бері қатысып жүрмін. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Балапандардың барлығын Башкириядан алып келеміз. Бүгін тауық, үйрек, қаз және бройлер балапандарын алып келдік. Сонымен бірге, құстарға арналған азық, дәрумендер, антибиотиктер де сатылымда. Халықтың сұранысы жоғары. Сол себепті жыл сайын қуана қатысамыз»,-дейді «Дана» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Гүлім Қадырқұлова.
Иә, аудан тұрғындары әр апта сайын өтетін ауылшаруашылық жәрмеңкесін асыға күтеді. Өйткені олар ағаш отырғызып, балапан бағып, соның жемісін көріп отырған жандар. Мұндай іскер адамдар қатары жыл сайын артып келе жатқаны қуантады.

IMG-20250418-WA0084
Жалпы дәстүрлі жәрмеңкелер – ауыл экономикасының тамырына қан жүгіртіп, жергілікті тұрғындардың кәсіпкерлік қабілетін дамытатын алаң. Сондықтан алдағы өтетін жәрмеңкелерден де қалыс қалмайық. Туған жердің өркендеуіне бірге үлес қосайық.

Болатбек Сапарғалиев
Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале