Білім қызметкерлерінің кәсіподақ мүшелері арасындағы аудандық ІХ «Денсаулық» спартакиадасы аудандық спорт кешенінде өтті.
Жарысқа «Сәулет» мектеп лицейі, Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясы, С. Жақсығұлов, Ы. Алтынсарин атындағы және Ақтау, Амангелді, Атамекен, Достық, Мереке, Мерей, Шежін, Оян орта мектептері мен Айнабұлақ негізгі мектебі, сондай-ақ ҚББ ұйымдары, «Ақбөпе» балабақшасы, спорт клубының командалары қатысты. Спартакиадада командалар волейбол, үстел теннисі, дартс бойынша бақ сынады. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Талғат Шакиров, облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Марат Даупаев, облыстық кәсіподақ ұйымының бас маманы Марина Темірғалиева, аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Ләйлә Ғаббасова қатысты.
Жарыс қорытындысында волейболдан І орынды «Сәулет» МЛ командасы жеңіп алса, ІІ орынды Мереке МББК еншіледі. Ал ІІІ орын Қ. Сәтбаев атындағы МГ командасына бұйырды. «Үздік ойыншы» аталымы «Сәулет» мектеплицейінен Райымбек Жасанғалиевке, «Үздік шабуылшы» мерекелік Тоқтар Төлеуғалиевке, «Үздік байланыстырушы» Қ. Сәтбаев атындағы мектепгимназиясынан Қайырбек Дәулетовке, «Үздік қорғаушы» аталымы амангелділік Ермахан Меңдіханға берілді. Үстел теннисінен ерлер арасында Іорынға Ы. Алтынсарин атындағы орта мектептен Марлен Қоңатаров лайықты деп танылса, ІІ орынға «Сәулет» мектеплицейінен Нұрәділ Қайырғалиев табан тіреді. ІІІ орын С. Жақсығұлов атындағы орта мектептен Ерғали Мерланның еншісіне тиді. 45 жастан жоғары ерлер арасында І орынды Ы. Алтынсарин атындағы мектептен Фархат Ибатов, ІІ орынды ояндық Әнуар Нығметуллин, ІІІ орынды Қ. Сәтбаев атындағы мектепгимназиясынан Сәкен Сабыров жеңіп алды. Әйелдер арасында жүлделі І орын ҚББ ұйымынан қатысқан Әсемгүл Аманова, ІІ орын Қ. Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясынан Аяжан Ахмет, ІІІ орын ақтаулық Әнел Ізбановаға бұйырды. Дартс ойынында ерлер арасында І орынды «Сәулет» мектеп-лицейінен Арнұр Дүйімбаев, ІІ орынды атамекендік Саясат Төлеуішов, ІІІ орынды Достық орта мектебінен келген Нұрхан Ғилманов еншіледі. Әйелдер арасында І орын атамекендік Мөлдір Қоңатарованың қанжығасында кетсе, ІІ орынға «Сәулет» мектеп-лицейінен Гауһар Бисенғалиева табан тіреді. ІІІ орынды мерекелік Орынгүл Сатқанова иеленді. Жалпыкомандалық есепте жүлделі І орынға «Сәулет» МЛ командасы табан тіресе, ІІ орынды Ы. Алтынсарин, ІІІ орынды Мереке орта мектебінің командалары өзара бөлісті. Жарысқа қатысқан командалардың барлығына кәсіподақ ұйымы атынан ынталандыру сыйлығы табысталды. Жүлделі орын алған командалар бағалы сыйлықтармен, медальдармен және кубоктармен марапатталды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы