Жаңа жыл қарсаныңда Атамекен ауылдық округінде ауыл тұрғындары үшін маңызды әлеуметтік нысан – заманауи талаптарға сай жабдықталған ветеринариялық пункт пайдалануға берілді. Ауыл шаруашылығы саласының дамуына серпін беретін бұл нысан халық игілігіне ұсынылып, салтанатты түрде ашылды.

Жаңадан бой көтерген ветеринариялық пункттің ашылу рәсіміне Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов, Батыс Қазақстан облысы ветеринария басқармасының басшысы Абзал Бралиев, аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, аудандық ветеринариялық станцияның басшысы Марина Шамшитова, сала ардагерлері мен ветеринария саласының білікті мамандары қатысты. Салтанатты шара барысында лента қиылып, нысан ресми түрде сала қызметкерлерінің қолданысына берілді.
Ашылу рәсімінде сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов жаңа ветеринариялық пункттің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, қолайлы әрі қазіргі заман талаптарына толық жауап беретін мұндай нысандардың ашылуы өңірдегі мал шаруашылығының өнімділігін арттыруға, жануарлардан алынатын өнімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге зор ықпал етеді.

– Бұл тек ветеринар мамандарының жұмыс жағдайын жақсарту үшін ғана емес, сонымен қатар ауыл тұрғындары мен мал өсірушілерге ветеринариялық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Мұндай пункттер қызмет көрсету сапасын жақсартып, жалпы мал шаруашылығы саласының дамуына оң әсерін тигізеді, – деді ол.

Ежелден мал шаруашылығын негізгі кәсіп еткен халқымыз үшін ветеринария саласының дамуы – ауыл экономикасының тұрақтылығы мен халықтың әл-ауқатының кепілі. Бүгінде ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығы облыс экономикасында маңызды үлеске ие болып отыр.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы
