Бүгінде еліміз бойынша ұлттық спортты дамытуға баса назар аударылған. Соның ішінде асық ойыны. Бұл ертеден келе жатқан қазақтың ұлттық ойындарының бірі. Ол балалардың ойлау қабілетін шыңдап, дәлдікке, ептілікке, ширақтыққа, ұстамдылыққа, алғырлыққа, сыйластыққа баулыған. Осыған орай, өткен аптада аудандық спорт кешенінде жастар ресурстық орталығы және аудандық спорт клубының ұйымдастыруымен "Тасқала сақасы" дәстүрлі асық ату ойыны өтті.

Жарыстың басты мақсаты - салауатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдағы ауызбіршілікті нығайту, жастарға ұлттық болмысты сақтап, рухани құндылықтарды үйретіп, ел мұрасын сақтап қалуды насихаттау болатын. Оның ашылу салтанатына аудандық мәдениет тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Рүстем Алтынбекұлы қатысып, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Нәтижесінде ойын қазандығындағы асықтарды дәл тигізе атып, ептілік көрсеткендердің арасынан I орынды Алтай Кубаев қанжығасына байласа, II орынды Рүстем Әділханов жеңіп алды. Ал, III орын Аманбай Нажмиддиновке бұйырды. Сайыс қорытындысы бойынша жүлдегерлер мен жеңімпаздар ұйымдастырушылар тарапынан диплом және медальдармен марапатталды.
Гүлмира Мақанова,
Тасқала ауданы