9.06.2020, 11:47
Оқылды: 34

Тасқала судан тапшылық көрмейді

Тасқала ауданы орталығындағы көшелерге су құбырын жүргізу жұмыстары басталып кетті. «Nur Otan» партиясының аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау тобының төрағасы Ганмирлан Тұрғаналиев бастаған комиссия мүшелері жүргізіліп жатқан аталмыш құрылысты аяқтай барып көрді. Сонымен қатар аудандық мәслихат депутаты Назым Құрмышева мердігер компания өкілдеріне жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасына аса мән беру керектігін баса айтты.

Su (1)

Қазіргі таңда Тасқала ауылының су құбырын қайта құру жобасын мердігер «Мөлдір» ЖШС аудан орталығындағы Садық Жақсығұлов атындағы шағын ауданда жүзеге асыруда. Аталған құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін «Элеватор» шағын ауданындағы алты көшеге су құбыры тартылады. Ондағы тұрғындар осы күнге дейін жер асты суларын пайдаланып келген. Осы жерден тазартылып, халыққа берілгелі отырған су аудан орталығындағы 12 көшені қамтиды. Бұл жерде оқырманға түсінікті болуы үшін айта кететін жайт, тартылып жатқан су құбыры тек көше бойымен жүргізіледі. Яғни аталған көшелердегі әр ауланың алдына дейін жеткізіледі. Ал әрі қарай үйге кіргізу – әр тұрғынның өз еншісінде. Қазіргі таңда аталмыш мердігер компания өкілдері жергілікті 14 адамды қызметке алған көрінеді. Оның өзі аудандағы жұмыссыздық санының азайғанын білдіріп отыр.

Su (2)

- 150 текше метр су жиналатын станцияның құрылысын жүргізудеміз. Егер де тұрғындарға су жіберу құбырларынан ақау шығатын болса, су құбырын қайта құру станциясы әбден керек болады. Бұрынғы су мұнарасы алынады. Тасқала ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімімен «Өңірлерді дамыту 2020 жылға дейін» мемлекеттік бағдарламасының «Ақ бұлақ» салалық бағдарламасы аясында «БҚО Тасқала ауданы Тасқала ауылдық округіндегі су құбырын қайта құру» нысаны бойынша құрылысмонтаж жұмыстары 2019 жылы басталып, 2020 жылдың желтоқсанында аяқталады. Тасқала ауылының су құбырын қайта құру жобасының мердігері – «Мөлдір» ЖШС. Жобаның жалпы құны – 499,7 млн. теңге. Тасқала ауылы бойынша 11,65 шақырым су құбыры жаңадан салынып, қайта құрылады. Жоба бойынша Тасқала ауылының Панфилов көшесінің шығыс бөлігі, Сапаров көшесінің Абай көшесінің қиылысынан Н.Мусин көшесінің қиылысына дейінгі учаскесі мен Б.Момышұлы, Қ.Аманжолов, С.Сейфуллин, Жәнібек хан, Керей хан, Қ.Сәтпаев, Сарыарқа және Ш.Қалдаяқов көшелерінің бойына құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, – дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бекболат Максимұлы.

Su (3)

Бұдан басқа, жалпы сомасы 265,732 млн.теңгені құрайтын Тасқала ауданының Мереке ауылдық округіне қарасты Мереке және Қалмақ ауылдарының су құбырларын қайта құру жұмыстарын мердігер «Лайгэ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын осы жылдың мамыр айында бастады. Жалпы жоба бойынша 11,345 шақырым су құбыры салынып, қайта құрылатын болады. Нысанды 2021 жылы пайдалануға беру жоспарлануда.

Бұған дейін аудан орталығындағы тұрғындардың бір бөлігі жер асты суларын пайдаланса, енді бір бөлігі үйлерге жеткізілген су қысымының төмендігін айтатын. Су тақырыбы бұған дейін де өзекті мәселеге айналған еді. Биыл өздеріңіз көргендей, аталған мәселенің де түйіні шешілетін түрі бар. Егер осы жасалып жатқан жұмыстар сәтімен аяқталса, аудан орталығы толықтай (100 пайыз) ауыз сумен қамтылатын болады.

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале