4.06.2021, 11:33
Оқылды: 76

Тасқалада 11 оқушы – «Алтын белгіге» үміткер

Биылғы оқу жылы ұстаздар, оқушылар мен олардың ата-аналары үшін біраз қиындық тудырғаны анық. Жалпы, осынау кезеңнен өткен білім ұйымдарының жылдық қорытындыларын білмек мақсатпен Тасқала аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлмира Батырғалиеваға жолыққан едік.

– Аудандық білім бөлімінің инфрақұрылымында 17 жалпы білім беретін мектеп бар. Оның ішінде 12 орта мектеп болса, екеуі – негізгі, үшеуі –бастауыш. Оның 15-і – қазақ, бір орыс мектебі болса, енді бір мектеп аралас тілде білім береді. Биылғы оқу жылын 2614 оқушы аяқтағалы отыр. Олардың 222-сі тоғызыншы сынып оқушылары болса, «Үздік аттестатқа» үміткерлер саны – 28. 11-сыныпты 126 оқушы аяқтап, үлкен өмірге қанат қағуға ниетті. Оның ішінде 117 түлек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдірді. Эпидемиологиялық жағдайға байланысты балалар біраз уақыт қашықтан оқыды. 11 оқушы «Алтын белгіге» үміткер. Тағы да 3 оқушы жылды тек бестік бағамен қорытындылап, «Үздік аттестатты» қорғамақ. Сонымен қатар биылғы ерекшелік енді «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткерлердің емтихан жұмыстарын білім басқармалары жанындағы комиссиялар қарайтын болады. Білім ұялары бұрынғыдай оқу озаттарының тізімін өздері жасай алмайды. Комиссия емтихан жұмыстарын тексергеннен кейін нәтижелерін білім беру ұйымдарына жолдап, мектеп директорының бұйрығымен төсбелгі иегерлерінің тізімі бекітіледі. 11 (12) сынып оқушыларының мемлекеттік бітіру емтихандары 2021 жылғы 1-10 маусым аралығында өтеді. Мектеп бітірушілер төрт пәннен емтихан тапсырады. Атап өтсек, оқыту тілі бойынша эссе нысанында жазбаша емтихан, алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтихан, Қазақстан тарихынан тестілеу, өзге тілдерде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу тапсырады, - дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Гүлмира Боранғалиқызы.

Арманға қанат қаққалы отырған түлектерге сәттілік тілей отырып, жыл сайын білім көрсеткішінде алдыңғы қатардан көрініп келе жатқан тасқалалықтар биыл да жақсы нәтиже көрсетеді деген сеніміміз мол.

 

 Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Шалқыма Салиқатова,

Мерей ЖОББ мектебінің 11-сынып оқушысы,

«Алтын белгіге» үміткер:

шалқыма1

– ҰБТ әр түлектің өміріндегі маңызды сынақтардың бірі болғандықтан, менің де тыңғылықты дайындалғаным сөзсіз. Мамыр айында өткен Ұлттық бірыңғай тестілеуден 125 ұпай жинадым. Таңдаған пәндерім қазақ тілі мен әдебиеті. Осы уақытқа дейін аудандық, облыстық пәндік олимпиадалар мен сайыстарға қатысып, жүлделі орындарды иелендім. Сабақты жақсы оқығанымның арқасында осындай нәтиже көрсете алдым. Негізі, әр сыныпта жақсы оқып, оқығаныңды жадыңа сақтай білсең, тест барысында еш қиындық туындамайды. Ендігі мақсатым – болашақта білікті де білімді маман иесі болу. Осы жетіп отырған нәтижем үшін ата-анам мен ұстаздарыма алғысым шексіз. Сонымен қатар келесі ҰБТ сынағында да жақсы балл жинауды мақсат етудемін.

Амангүл Нигметуллина,

жалпы білім бертін Оян орта мектеп-бөбекжай-бақша кешенінің

11-сынып оқушысы:

Амангүл1

– ҰБТ – жоғары оқу орнына түсудің негізгі құралы. Жоғары оқу орнына сүрінбей түсуге ниеттенген кез келген түлектің алдын ала жақсылап дайындалғаны дұрыс. Қазір мен де көп дайындық үстіндемін. Рас, қобалжу басым. Алайда алға қойған мақсатым үшін бәрін ойдағыдай жақсы тапсырамын деп сенемін. Болашақта медицина саласында жұмыс жасағым келеді. Дәрігер болу – бала кезгі арманым. «Арман адамға қанат бітіреді» демекші, барынша адамдарға қолғабыс еткім келеді. Арманым орындалу үшін көп дайындалып, Алланың қалауымен ҰБТ-ны сәтті тапсырып шығамын деп ойламын.

Нұрайна Ибрашева,

Қ.Сәтбаев атындағы жалпы білім беретін орта мектептің түлегі:

нұрайна1

– 11-сыныпқа аяқ басқалы тек ҰБТ-ға дайындық үстіндемін. ҰБТ – бұл үлкен өмірге алғашқы қадам деп айтуға да болады. Себебі бұл – болашақ маман иесі болудың оңтайлы жолы. Жалпы сынаққа оқулықпен дайындалдым. Мектепте ұстаздармен де тығыз байланыста болдым. Сонымен қатар арнайы репетиторға да бардым. Алда күтіп тұрған күрделі кезеңнен өтіп, қалаған мамандығыма түсемін деген сенім бар. Қазіргі кезде таңдап отырған мамандықтарым – журналистика және туризм. Осы орайда болашағыма қолдау білдіріп отырған аяулы атаанам мен құрметті ұстаздарыма алғыс айтамын.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале