Қазіргі таңда күн тәртібінен түспейтін басты мәселенің бірі – тазалық болып отыр. Дана халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Көше бойындағы күл-қоқыстардың өзі адам денсаулығына кері әсер ететіні белгілі. Сондықтан өзіміз тұратын мекенімізді таза ұстау әрбір тұрғынның – басты міндеті.
Тазалық мәселесі аудан әкімінің де жіті бақылауында. Жуырда аудан басшысы Талғат Шакировтың тапсырмасына сәйкес орталықтың санитарлық тазалығы мен абаттандырылуы бойынша мониторинг жүргізілді. Оған Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратының және аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен қатысты.
Осыған орай аудан әкімі Талғат Асқарұлы мен аудан әкімінің орынбасары Рауан Бисенғалиұлы Элеватор ауданының көшелерінде жүргізіліп жатқан жұмыстарды көріп, оның барысымен танысты. Мониторинг кезінде аулалар маңындағы құрылыс материалдарының, мал қалдықтарының, өзге де қоқыстарды, қалың өскен шөптер жайлаған алқаптарды тазалауға күш салынды.
Санитарлық тазалық талаптарын бұзған кейбір тұрғындарға ескерту жасалды. Сонымен бірге, аудандық коммуналдық-шаруашылық және Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері бірлесе отырып қалың шөптер жайлаған алқаптарды тазарту жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстар әлі жалғасын табатын болады.
Назерке Шайхоллақызы
Тасқала ауданы