7.11.2024, 17:15
Оқылды: 124

Тасқалада «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» атауымен облыстық жастар форумы өтті

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың құрылғанына 10 жыл толуына орай «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» атты облыстық жастар форумы өтті.

Форум (8)

Бұл іс-шараның басты мақсаты – облысымыздың жастарын бір арнаға тоғыстырып, тәжірибе алмасу, ресурстық орталықтың қоғамдағы рөлін талқылау және жастар арасында мемлекеттік жастар саясатын тиімді жүзеге асыру тетіктерін қарастыру. Форум екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде жастар саясатының жаңаруы бағытындағы құндылықтар мен басым бағыттары сөз болды.

Келесі кезеңде ресурстық орталықтың өткені мен бүгінгі жетістіктері баяндалды. Форумды аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Жиенбай Мирамбаев жүргізді.

Іс-шараға Батыс Қазақстан облысы қоғамдық даму басқармасының жастар ісі жөніндегі бөлім басшысы Мирфат Бисекенов, «AMANAT» партиясы жанынан құрылған «Жастар рухы» ЖҚ БҚОФ басшысы Архат Исламғалиев, облыстық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Аңсар Ибраев, қоғам белсендісі, блогер Шарипа Базарбаева, Тасқала ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Еркебұлан Аспендияр, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Дүйсенова, Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков, Теректі аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы, «Жайық Пресс» ЖШС Теректі аудандық филиалы «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің тілшісі Рауан Сатыбалды, Теректі ауданы аумақтық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Аманғали Байғали сынды спикерлер қатысып, жастар мәселелері туралы пікірін ортаға салды.

Форумның ашылуына арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Саягүл Ғалиева аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық ұжымын 10 жылдығымен құттықтап, форум жұмысына сәттілік тіледі.

– Биыл аудандық жастар ресурстық орталығының құрылғанына 10 жыл толып отыр. Жыл басында аудан әкімі Талғат Асқарұлы жастармен кездескен кезде өзекті тақырыптар бойынша ой бөліскен еді. Сол басқосуда белсенді жастарымыз осы форумды өткізу туралы ой тастады. Міне, сол ұсыныс бүгін жүзеге асып отыр. Баршаңыз бүгінгі облыстық жастар форумына қош келдіңіздер. Бүгінгі басқосу өткенге қорытынды жасай отырып, алдағы бағытымызды айқындауға оң әсерін тигізуге тиіс. Баршаңызға сәттілік тілеймін! – деді Саягүл Мәулетқызы.

Форум (2)

Одан әрі форумның алғашқы кезеңінің спикерлері сахнаға шықырылды. Алдымен сөз алған Мирфат Талғатұлы «Жастарды көшбасшылыққа тарту. Қазіргі жастардың түсініктері және қоғам талабы» тақырыбында баяндама жасады. Ол ресурстық орталықтың жастарды ұйымдастырудағы рөлін және жастар саясатының республикалық, облыстық, аудандық деңгейдегі жүзеге асырылуын атап өтті. Оның айтуынша, өткен 10 жыл ішінде ресурстық орталық көптеген  жастың өміріне әсер етіп, жастар саясатын дамытуға елеулі үлес қосқан. Сонымен қатар ол жастардың өзекті мәселесінің бірі – тұрғын үй мәселесі екенін атап өтті.

– Өткен жылы өңір басшысының қолдауымен «Жайық жастары» тұрғын үй бағдарламасы жүзеге асты. Облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлініп, нәтижесінде 42 жас отбасы баспаналы болды. Жобаның жақсы әсері болғандықтан, келесі жылы жоба бюджетінің көлемі 2,5 миллиард теңгеге дейін ұлғайғалы отыр. Бұл өз кезегінде тағы 200 жас отбасының баспана алу мүмкіндігін арттырады. Одан да басқа бүгінгі таңда үлкен жобалар, соның ішінде қоғамдық даму басқармасымен жастарға арналған 17 жобасы жүзеге асып жатыр. Осындай жұмысты біз, жастар болып қолға алып, бірге жүзеге асырайық. Біз әрқашан өңір жастарымен жұмыс істеуге дайынбыз, – деді Мирфат Бисекенов.

Келесі кезекте сөз алған Архат Жұбайұлы өңірдегі волонтерлік корпус жұмысына тоқталып, волонтерлік іс-шаралардың жастардың жауапкершілігін арттыратынын әрі қоғамның дамуында маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Оның айтуынша, облысымызда 14 ресурстық орталық бар және 187 мыңға жуық жас азаматтың 11 мыңнан астамы волонтерлікпен айналысады. Пандемия кезінде жастардың  волонтерлік қозғалысы ерекше белсенділік танытып, азықтүлік, дәрі-дәрмек сияқты қажет заттарды тұрғындарға жеткізген.

Форум (7)

Су тасқыны кезінде де волонтерлер ұйымшылдық танытып, 24 сағат бойы жұмыс істеген. Одан әрі сөз алған Аңсар Ихсанұлы «Жастардың қоғамдағы өз орнын табу маңыздылығы. Креативті әрі оңтайландырылған жастар ортасын құру» тақырыбында баяндама жасады. Ол жастардың қоғамдағы орнын анықтауда ата-ана, мектеп және әлеуметтік орта тәрбиеcінің маңызына тоқтала отырып, жас ұрпақтың креативті, белсенді әрі жауапкершілікті болуы үшін ортаның әсері ерекше екенін атап өтті. Сондай-ақ жастардың тұлға болып қалыптасуына керек жағдай жасау қажеттігін де тілге тиек етті.

Қоғам белсендісі, блогер Шарипа Жұмабайқызы әлеуметтік жауапкершілік әрі отбасылық құндылық жөнінде әңгіме өрбітті. Әлеуметтік желілердің қазіргі қоғамдағы рөлін қарастыру мәселесіне де тоқталды. Еркебұлан Жұмабайұлы мемлекеттік басқару және мемлекеттік қызмет саласының бүгінгі жағдайы мен болашағына назар аударды.

– Мемлекет басшысының Жолдауында мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, кәсіби және моральдық қасиетіне баса назар аудару қажеттілігі атап көрсетілген болатын. Жастардың ел болашағы екеніне, оларға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауға тоқталып, меритократия қағидатына көп қарауымыз қажет екенін де атап өтті. Жалпы бұл қағидат бойынша біздің ауданда жақсы жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда өзіміздің жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтардан, ауылдық әкімдіктерден еңбек жолын бастаған жастарымыз мекеме, бөлім басшылары қызметін атқарып жүр. Жастар – елдің болашақ драйвері. Жастарға мемлекет тарапынан көп қолдау болса деп тілейміз, – деді Еркебұлан Аспендияр.

Форумның екінші кезеңінде ресурстық орталықтың құрылуына қатысқан тұлғалар пікірін білдірді. Айгүл Серікбайқызы ұлттық мәдениеттің, жастардың рухани дамуындағы кітап оқудың маңызын атап өтті. Мэлс Жасанғалиұлы үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру мен ресурстық орталық жұмысын жетілдіру мәселелеріне тоқталды. Рауан Таңатжанұлы «Ұлттық құндылықтарға негізделген заманауи көзқарас. Білім және тәрбие», Аманғали Байғалиұлы «Жастардың шығармашылық пен өнердің түрлі саласындағы көркемдік қызметін дамыту және рухани-патриоттық тәрбие беру» тақырыбында баяндама жасады.

Форумның жабылуында аудан әкімінің орынбасары Саягүл Мәулетқызы «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» облыстық жастар форумы жастар саясатының 10 жылдығына орай өткізілген маңызды іс-шара екенін атап өтіп, спикерлерге алғысхат пен естелік сыйлық табыс етті. Форум барысында жастардың қоғамдағы рөлі, волонтерлік қозғалыс, мемлекеттік жастар саясаты және ресурстық орталықтың атқаратын міндеті кеңінен талқыланды. Бұл іс-шара жастардың бірлескен іс-әрекетін ынталандырып, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға ықпал ететіні сөзсіз.

Болатбек Сапарғалиев

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале