Тасқала ауданы әкімі Талғат Шакиров, облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Халелов, «Aqjaiyq» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпарациясы акционерлік қоғамы өкілі Серік Жарылқапов, аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Самиғолла Шүкіров Мереке ауылында болып, ауыл тұрғындарына ауылшаруашылық кооперативтері арқылы ақ қой мал шаруашылығын дамыту жөнінде түсіндірме жұмысын жүргізді.
Кездесу барысында ауыл тұрғындары мен шаруа қожалықтарының басшылары өз пікірлерін білдіріп, жобаларға қатысты ұсыныстарын ортаға салды.
Бұл кездесудің негізгі мақсаты – ауылшаруашылық кооперативтерін құру арқылы ақ қой мал шаруашылығын дамыту. Талқылауға қатысушылардың айтуынша, бұл жоба ауыл тұрғындарына тиімді болып, олардың табысын арттыруға көмектеседі. Шаруа қожалықтарының басшылары мен қой шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындары жаңа жобаның мүмкіндіктерін пайдаланып, шаруашылықтарын дамытуға ниетті екенін білдірді.
Мереке ауылында өткен кездесуде облыс әкімінің кеңесшісі Алдияр Сансызбайұлы тұрғындарға «Ауыл аманаты» жобасы туралы ақпарат беріп, ауылшаруашылық кооперативтерін құрудың маңыздылығын атап өтіп, ауыл шаруашылығын дамытуға қатысты бірқатар ұсыныстарын айтты.
«Бұл бағдарлама ауылдық жерлерде ауылшаруашылығын дамытуға, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу саласына үлкен мүмкіндік береді. Әр ауылдың өзінің әлеуеті мен мүмкіндігі бар, сондықтан бұл ресурстарды дұрыс пайдалану өте маңызды. Ауылдардағы тұрғындардың өз ісін дамытуына мүмкіндік беруіміз керек. Лизингке алынған ауылшаруашылық техникаларын қысы-жазы тиімді пайдалану қажет. Егер кооператив құрылса өнімді сатудың жолдарын қарастырудың қажеті жоқ. Бөлінген қаржыны дұрыс пайдалану арқылы ауылды жандандырып, әр ауыл өзінің ерекшеліктеріне сәйкес қажетті өнімдерді шығара алады. Бұл ауыл тұрғындарының табысын арттырып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді. Қаржы ресурстарын мақсатты түрде жұмсау өте маңызды. Сондай-ақ, бүкіл ауылда бірдей ақпарат болу керек, халыққа түсінікті түрде ақпарат жеткізу қажет», – деді Алдияр Халелов.
Келесі кезекте сөз алған Мереке ауылдық округінің әкімі Мэлс Нәріков АШӨК-тің басым бағыттарына тоқталып өтті. «Қазіргі таңда жекенің малын етке өткізуде көптеген қиыншылықтар бар. Ет комбинаты жекенің малын шектеулі санмен ғана алады. Ал, шаруа қожалықтары мен АШӨК-тің малын алуда ондай шектеу жоқ.
Сонымен қатар оларға бордақалау алаңына бұқашықтар тапсырғаны үшін әр келісіне 200 теңгеден төлесе, ет комбинатына тапсырылған ұсақ малға 3000 теңгеден төленеді. АШӨК-ке мал басын асылдандыру жұмыстары үшін ірі қараға 10 мың, ұсақ малға 2 500 теңге субсидия төленеді», –деген округ әкімі ауыл тұрғындарын АШӨК-ке бірігуге шақырды.
Кездесуде тұрғындарға мемлекеттік қолдау, оның ішінде ауыл шаруашылығының дамуымен байланысты субсидиялар мен жеңілдіктер туралы да айтылды.
Болатбек Сапарғалиев
Тасқала ауданы