26.03.2021, 10:24
Оқылды: 76

Тасқалада «Асауды ауыздықтаған қазағымның жігіттері» атты сайыс өтті

Тасқала ауданы Қосшы ауылдық округіне қарасты Қарой қыстағында атқұмарлардың сайысы өтті.

ат1

Сайын даланы жайлаған көшпелілер сан ғасырдан бері жылқыны жанына серік етіп келеді. Содан да болар, қазақ танымында осы бір жануардың орны ерекше. Әр халықтың мықтылығы мен тектiлiгiн, мәдениетi мен мiнез-құлқын танытатын ұлттық ойындар болатыны белгiлi. Қазақ халқы – қашаннан ұлттық спорт түрлеріне бай халық. Қазақ күресі, көкпар, қыз қуу, бәйге, аударыспақ, тағы басқа спорт түрлері бағзы заманнан бері халқымызбен бірге жасап келеді. Күні бүгін де олар мән-мазмұнын жойған жоқ.

Қосшы ауылдық округіне қарасты Қарой қыстағындағы асау үйрету бәсекесіне қатысқан сегіз команда өз өнерлерін дүйім жұрттың алдында паш етті. Спорттық турнир келешек ұрпаққа асау үйретуді насихаттау, дәстүрді дәріптеу, жаңғырту бағытында үлкен ой салғаны анық.

ат2

Аталмыш шараның ашылу салтанатына аудан әкімі Алдияр Халелов қатысып, ұлттық спортқа көп көңіл бөлу керектігін айтып, қатысушы спортшыларға сәттілік тіледі.

Одан кейін сөз алған сайыстың бас төрешісі Артур Шурин жарыстың өткізілу бағдарламасымен және ережелерімен таныстырды. Қосшы ауылдық округінің кәсіпкер азаматтары Бауыржан Имашев пен Дәурен Нұрмағамбетовтің қолдауымен өткен аталмыш спорт бәсекесін тамашалаған ауыл тұрғындары ұйымдастырушыларға ризашылығын білдірді. Әр түрлі жастағы спортшылар қатысқан сайыс тартысты өтіп, нәтижесінде «Ақтау» командасы жеңімпаз атанса, Оян ауылдық округінен қатысқан командалар екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Көпшіліктің ыстық ілтипатына бөленген оралдық команда осы жарыстың көзайымына айналды. Жарыс жеңімпаздары ұйымдастырушылар атынан қаржылай сыйлықтармен марапатталса, оралдық команда бағалы сыйлықты қанағат тұтты.

– Асау үйрету жетістіктері де жыл санап артып, қарқынды дамып келеді. Ауылымыздың жігіттері жоғары деңгейде өнер көрсетіп, абырой биігінен көрінді. Өткен жылы ауыл жастарынан құрылған команда – бірінші, сол жарыста тағы бір команда екінші орынды еншіледі. Аудан көлемінде ат спортына деген қызығушылық артып келеді деп ойлаймын. Оны бүгінгі сайысқа қатысушы командалардың санынан-ақ байқауға болады, - дейді «Оян» командасының мүшесі Алтынбек Жасқайратов.

ат3

Ат спорты – біздің ата заманнан келе жатқан дәстүріміз. Оны қадірлеу және жаңғырту керек. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламасы аясында аудан көлемінде түрлі шаралар өтуде. Ат үстінде ерін ойнаған, сайын даланы жайлаған көшпенділер сан ғасырдан бері жылқыны жанына серік қылған. Халықтың өркениетінде асау үйрету ерекше мән-мағынаға ие болғаны белгілі. Осыған орай келешек ұрпаққа асау үйретуді насихаттау, дәстүрді дәріптеу, жаңғырту бағытында «Асауды ауыздықтаған қазағымның жігіттері» атты асау үйрету сайысы өтті. Осындай сайыстар аудан көлемінде көп ұйымдастырылса, нұр үстіне нұр. Ата-бабалардан қалған асыл дүние, мұраларымызды жинақтау – өскелең ұрпаққа парыз, - дейді аудандық спорт клубының әдіскері Еркебұлан Теміржан.

Қазақстан мемлекетінің Елтаңбасында бейнеленген тұлпар – байырғы заманнан еркіндіктің символы. Тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті танытады. Бүгінде аудан аумағында ат спорты жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Мұның өзі ат спортына, дәстүрге ынта-ықыластың ауғаны екені сөзсіз. Жарысқа Ақтау ауылдық округінен келген Жеңіс Өміралиев атқа бала кезінен қызығатын көрінеді.

ат4

– Атқа мінуді жетінші сынып оқып жүргенде бастадым. Сол бала күннен жылқыға құштар болып өскен едік. Оны үйретуді де сол кездерден бастап көзімізбен көрдік. Асауды үйреткенде, ең бастысы, қорықпау қажет. Себебі төрт түліктің ішіндегі ең бір сезімталы – осы жылқы малы. Ол адамның қандай күйде тұрғанын бірден таниды. Егер қаймығып, қорықсаңыз, ол сезіп қояды. Сондықтан қорыққаныңды білдірмей, мысын басуға тырысу керек, - дейді ол.

Иә, атам қазақ – қашанда ат баптап, асау үйреткен батыл халық. Дәстүрді жаңғырту бағытында осындай шаралар әлі де өткізілетін болады.

 

Болатбек Сапарғалиев,

Суреттерді түсірген Шынтемір Қадыров

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале