Жақында Шежін ауылдық мәдениет үйінде жерлесіміз, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген дәрігері, Құрмет орденінің иегері Бақтығали Ахметовтың 85 жылдық мерейтойына арналған «Еңбегі сіңген өр тұлға» атты «Дара жолы» өтті.
Аталмыш шараға аудан әкімі Талғат Шакиров пен аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, қоғам қайраткері, жерлесіміз Табылғали Сапаров, аудан әкімі болған Болат Шакимов, сондай-ақ, мерейтой иесінің бірге оқыған кластастары мен аудандық аурухананың бір топ қызметкерлері, денсаулық саласында бірге әріптес болған Гүлсайран Кенжешева мен ауыл тұрғындары қатысты.
Шараға келген қонақтарды дәліз бойына қаз-қатар тізілген ұлттық киімдегі аруларымыз бен ақ жаулықты аналарымыз қарсы алып, шашу шашып, ақтан ауыз тигізді. Одан әрі мерейтой иесін көрермендер ыстық ықыласпен қарсы алып, үлкен қошеметпен сахна төріне шығарды.
Бақтығали Ахметұлын тасқалалықтар жақсы біледі. Ол, 1939 жылы Тасқала ауданы II Шежін ауылында дүниеге келген. 1956 жылы Шежін орта мектебін бітіріп, сол жылы ұжымшар мүшесі ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Сөйтіп бала күнгі арманын іске асыру мақсатында 1957 жылы Орал қаласындағы бір жылдық ауылшаруашылығы мектебін бітіреді. Кейін Ақөтөбе медицина институтына түсіп, оны 1964 жылы бітіріп шығады. Денсаулық саласындағы алғашқы еңбек жолын Казталов ауданында хирург болып бастайды. Содан соң Сырым, Тасқала аудандарында, кейін облыстық ауруханада жалғастырып, хируг, бас дәрігердің орынбасары, бас дәрігер лауазымдарында қызмет атқарады.
1981-1996 жылдар аралығында облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы, одан кейін облыстық диагностикалық орталықтың директоры болып еселі еңбек етті. Одан бөлек Орал қаласындағы «Мақсат» жеке медициналық колледжде студенттерге дәріс берді.
Бақтығали Ахметұлы – тек дәрігер ғана емес, шебер ұйымдастырушы. Шараға жиналған қонақтар сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ыстық лебіздерін білдірді. Ол туралы әдемі пікірлерімен бөлісті. Алғаш болып сөз алған аудан әкімі Талғат Асқарұлы әдемі тілегінен соң Бақтығали Ахметұлына облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің атынан құттықтау хатын табыс етіп, иығына шапан жапса, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Абылғалиұлы кеудесіне «Тасқала ауданының құрметті ардагері» төсбелгісін тақты.
Өзінің жолын қуып, адам жанына араша болып жүрген ақ халатты абзал жандарда мерейтой иесінің еңбегін бағалап, иығына шапса, ауылдық округ әкімі Мержан Ескалиев пен Шежін ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оразғали Абылайұлыда ауыл халқы мен кәсіпкерлер атынан иығына шапан жауып, астына ат мінгізді.
Өзінің дара жолына Бақтығали Ахметұлы жалғыз келмеді. Қасына жан-жары Мақпал апайды ерте келді. Бұл күні ән шырқалып, әдемі тілектер ақтарылды. Естеліктер айтылып, көптен көріспеген адамдар бір-бірімен қауышып мәре-сәре. Өзінің қоңыр дауысымен, салмақты әңгімесімен аудиторияны тарта білген Бақтығали Ахметұлының дара жолы осылайша мәреге жетті.
Шараны ауылдық мәдениет үйі мен кітапхана қызметкерлері әдемі ұйымдастырған. Ауылдың атымтай жомарттары демеушілік танытып, Шежіннің мерейін бір көтеріп тастады. Туған жеріне табаны тиген мерейтой иесіне көрсетілген құрмет кім-кімнің де есінде сақталары ақиқат.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы