14.07.2026, 11:30
Оқылды: 33

Тасқалада бұлақ көздері тазартылып, экологиялық акция ұйымдастырылды

Туған жердің табиғаты - ұлттың ең асыл қазынасы. Самал желмен тербелген жасыл желек, мөлдір бұлақтың сылдыры, кең даланың тынысы - табиғат пен адам арасындағы жарасымның көрінісі. Қазақ халқы суды ежелден киелі санаған. Сондықтан да «Бұлақ көрсең - көзін аш» деген қанатты сөз ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жетті. Бұл - жай ғана нақыл емес, туған жердің табиғи байлығын көздің қарашығындай қорғауға үндейтін өмірлік ұстаным.

мөлдір бұлақ фото (2)

Осы игі дәстүрдің жалғасы ретінде Тасқала ауданында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бастамасы аясындағы «Мөлдір бұлақ» республикалық акциясының ІІ кезеңі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Табиғи бұлақ көздерін тазарту, су ресурстарын ұтымды пайдалану мәдениетін қалыптастыру және экологиялық жауапкершілікті арттыруды көздеген шара көпшілікті ортақ іске жұмылдырған тағылымды бастамаға айналды.

мөлдір бұлақ фото (5)

Акцияға Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Нұржанұлы Сәлімов, Тасқала ауданының әкімі Талғат Шакиров, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, ауыл ақсақалдары, жастар, еріктілер мен табиғат жанашырлары қатысты.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасының басты мақсаты - туған жердің тазалығын сақтау ғана емес, қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Тасқала жерінде өткен бұл игі шара осы мақсаттың нақты жүзеге асып жатқанын көрсетті.

Жиында сөз сөйлеген Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Нұржанұлы Сәлімов суды қорғау - бүгінгі күннің ең өзекті міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

- «Халқымызда «Бұлақ көрсең - көзін аш» деген терең мағыналы сөз бар. Бүгінгі акция - осы даналықтың нақты көрінісі. Су - тіршіліктің бастауы. Сондықтан су көздерін қорғау мен сақтау - баршамыздың ортақ міндетіміз. Еліміздің барлық өңірінде осындай экологиялық шаралар өткізіліп жатыр. Министрлік алдағы уақытта да табиғатты қорғауға бағытталған маңызды бастамаларды қолдауға дайын», - деді вице-министр.

мөлдір бұлақ фото (3)

Шара барысында бұлақтың айналасы тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, су көзі ретке келтіріліп, аумағы абаттандырылды. Мемлекеттік қызметшілер, жастар, еріктілер және аудан тұрғындары табиғатты қорғау жолындағы ортақ іске белсене атсалысты. Әрбір жиналған қоқыс, әрбір тазартылған бұлақ туған жерге деген жанашырлықтың нақты көрінісіне айналды.

Тасқала - табиғаты көркем, тарихы терең өңір. Осындай қасиетті өлкенің табиғи байлығын сақтау - әрбір азаматтың парызы. Өйткені табиғаттың тазалығы - халық денсаулығының, өңірдің өркендеуінің және келер ұрпақтың жарқын болашағының кепілі.

Бүгінде әлем жұртшылығын алаңдатқан экологиялық мәселелер әр адамнан қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Су көздерін қорғау -осы жауапкершіліктің маңызды бөлігі. Бұлақтардың табиғи қалпын сақтау арқылы біз тек бүгінгі ұрпақтың емес, келешек буынның да игілігіне қызмет етеміз.

мөлдір бұлақ фото (4)

Тағы бір қуантатыны - акцияға жастардың белсенді қатысуы. Бұл олардың туған жерге деген сүйіспеншілігін, табиғатты қорғауға деген көзқарасын айқын аңғартады. Экологиялық мәдениет осындай ортақ еңбек арқылы қалыптасады. Өйткені табиғатты қорғау - бір күндік науқан емес, әр азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс.

«Таза Қазақстан» бастамасы аясында ұйымдастырылып жатқан әрбір іс-шара қоғамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге ықпал етуде. Ал «Мөлдір бұлақ» акциясы туған жердің табиғатын қорғау - елге, жерге және болашақ ұрпаққа деген құрметтің жарқын үлгісі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Жалпы, Тасқала ауданы - бұлаққа бай өлке. Деркөл өзенінің бастауын құрайтын көптеген бұлақтар осы өңірдің табиғи байлығы саналады. Бабалардан аманат болып жеткен осынау мөлдір бастаулар - елдің ырысы, жердің тынысы. Олардың тазалығы - біздің табиғатқа деген жанашырлығымыздың өлшемі.

мөлдір бұлақ фото (1)

Салтанатты шарадан кейін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Нұржанұлы Сәлімов Деркөл өзенін тазалау жұмыстарының барысымен  арнайы танысып, мердігер ұйым өкілдеріне жұмыстардың қарқынын күшейтіп, белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.

Туған жердің әр бұлағын, әр өзенін көздің қарашығындай сақтау - баршамызға ортақ міндет. Себебі табиғатты аялау - бүгінгі ұрпақтың ғана емес, келешек буын алдындағы қасиетті жауапкершілік екенін әр тұрғын білуі тиіс.

Назгүл Серікқызы,

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале