Бүгін елімізде мүгедектігі бар азаматтарды қорғау мен құрмет көрсету күні аталып өтіледі. Бұл күн – мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселелерін шешу мен оларға құрмет пен ізет көрсету күні.
Осы орайда, бүгін Абай алаңында аудандағы мүгедектігі бар азаматтарды Батыс Қазақстан облысындағы «Ақжайық» санаториялық-куроттық емделу үшін жіберу рәсімі өтті.
Жиынға аудан әкімі Талғат Шакиров, әлеуметтік бағдарламалар және жұмыспен қамту бөлімінің басшысы Батима Кентугаева және бірқатар мекеме басшылары мен қызметкерлері қатысты.
Алғашқы болып сөз алған аудан әкімі Талғат Асқарұлы:
«Қазан айы қайрымдылық ай болып саналады. Жыл сайын жерлестеріміз шипажайға барып демалып жүр. Өткен жылы 35 адам барса, биыл 53 адам аталған демалыс орнына барады. Жылдан жылға демалушылардың санын көбейтуге бар күш-жігерімізді саламыз. Қазіргі кезде мемлекетімізде қарттарға үлкен мән беріп, көңіл аударып, жан-жақты қамқорлық жасалуда. Қазақстанның өсіп-өркендеуі, еліміздің бейбітшілікте тыныш өмір кешуі өз үлестерін қосқан осы ардақты да аяулы қарттарымыздың арқасы деп есептейміз. Сіздердің алдарыңызда әрдайымда басымызды иеміз. Жақсы демалыс тілейміз», - деген аудан әкімі жылы лебізін білдіріп, шығарып салды.
Назерке Шайхоллақызы
Тасқала ауданы