«Қарты бар елдің – қазынасы бар» деп халқымыз бекер айтпаған. Елдің бірлігін сақтап, ынтымағын ұйытып жүрген үлкендеріміз барда біз бақыттымыз. Өйткені олардың кейінгі ұрпаққа айтар ақылы мен берер тәрбиесі мол. Ел іргесінің сөгілмеуі де осы көнекөз қарттарымыз бен ақ жаулықты аналарымыздың ақ батасының қасиеті болар. Жалпы үлкенді сыйлап, кішіге ізет көрсету – біздің парызымыз.
Осыған орай жақында Тасқала ауданы әкімі Талғат Шакировтың қолдауымен бірнеше ардагерге Ақжайық шипажайына тегін жолдама берілді. Соның нәтижесінде көпті көрген батагөй қариямыз бен ақ жаулықты аналарымыз «Ақжайық» шипажайында болып, ем алып, жақсы демалып қайтты.
Солардың бірі – «Ақтілеу» халықтық әжелер ансамблінің алғашқы мүшелерінің бірі Гүлсайран Жұбанышқалиева.
– Аудан басшылығына ризашылығымыз шексіз. Әкіміміз Талғат Асқарұлына бізді қолдап, осылай демалуға жібергені үшін аналық ризашылығымызды білдіреміз. Жақсы демалыс болды. Уақтылы ем қабылдап, арасында теледидар қарап, кітап оқып, жан-жақтан келген ем алушылармен танысып, бір жасап қалдық. Тіпті уақыттың да қалай тез өте шыққанын байқамадық. Жасымыз 70-тен асып, сексенге аяқ басқанда бізге көрсетілген осындай құрмет пен риясыз көңілден асқан бақыт жоқ. Ауданымыз өсіп-өркендеп, биік белестерді бағындыра берсін. Біз тек сол қуанышқа ортақтасып, елдің амандығын тілеп, солардың ортасында жүре берейік. Бізге жасалған мұндай қамқорлық әлі де жалғасын табады деп сенеміз. Тек елдің жүгін арқалап жүрген азаматтармыз аман және абыройлы болғай, - дейді демалушы Гүлсайран әже.
Ал жақында ғана өзінің мерейтойын атап өткен батагөй ақсақал Жұмагелді аға да Ақжайық шипажайында алаңсыз демалып келгені үшін аудан әкіміне шынайы алғысын білдірді.
– Аудан басшылығының қолдауымен жақында он күндей Ақжайық шипажайына барып демалып қайттым. Бұл мен үшін күтпеген тосын сый болды. Ерекше ықыласпен қабылдадым. Әрине, кім-кім үшін де демалыс деген жақсы нәрсе ғой. Біраз тынығып, сергіп, көңіл-күйім көтеріліп қалды. Бізді елеп-ескеріп жатқан аудан әкіміне рахметтен басқа айтарым жоқ. Еліміз тыныш, деніміз сау болсын, - деп өзінің ақ батасын берді.
Иә, қоғамда қартын қадірлеген елдің өркені өсіп, келешегі кемел болары айқын. Мемлекет тарапынан да үлкендерімізге барынша қолдау көрсетіліп жатыр.
Себебі қарттарымызға құрмет көрсету – ел мәдениетінің көрінісі. Ұлттығымызды ұлықтап, елдігімізді дәріптеп, ел бірлігін сақтауда ақсақалдарымыздың даналығы мен ақ батасының күші орасан зор екенінде дау жоқ.
Назгүл Серікқызы
Тасқала ауданы