27.09.2024, 12:30
Оқылды: 4

Тасқалада кітап фестивалі өтті

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханaның ұйымдастыруымен жыл сайын дәстүрлі түрде барлық кітапханаларда «Кітап time – 2024» III жалпы республикалық кітап фестивалі өтеді.

F3D10D7E-498E-493C-B842-CF26E37B7B0A

Кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани, интелектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылатын республикалық шара биыл Ұлттық академиялық кітапхананың 20 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр.

Қазіргі бәсекелестікке негізделген жаһандану кезеңінде кітап оқымаған адам мен кітап оқымайтын қоғамның дамуы мүмкін емес. Кітапхана мамандары аудан тұрғындарын, жастарды оқу-білімге қызықтыру мақсатында әдебиет сүйер оқырмандармен жүздесіп, тамаша кештің өтуіне себепкер болды.

«Кітап әлемінің ғажайып күні» атты кітап фестивалі аясында адамзатқа рухани азық болған кітаптың пайдасы туралы баяндалды. «Өзің оқып, өзгеге ұсын!» bookrossing көрмесіне шолу жүргізіліп, оның мақсаты мен міндеттері таныстырылды. Кітапхана оқырманы Елемес Самираның орындауында әсем әнге кезек берілді.

Тасқала аудандық балалар кітапханасында жаңа кітаптардан құралған «Ғажайып кітап әлемі» және балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына арналған «Балалар әдебиетінің кемеңгері» кітап көрмелері жасақталып, оқырмандарға таныстырылды. Сондай-ақ «Ұлттық ойыннан ұлағат» атты арнайы бұрышта балаларға «Бес асық» ойынының әдіс-тәсілдері үйретілді.

BF12D254-9E56-4790-A9E6-573FC2415028

Әрі қарай кітап оқуға бағытталған шара аудандық кітапхананың оқу залында ересек оқырмандардың қатысуымен жалғасын тапты. «Поэзия менімен егіз бе едің?» әдеби монтаж барысында өлең-жырмен сусындап өскен мәдениет саласының жас мамандары поэзия құдіреті, ұлт тақырыбындағы өлеңдерді мәнерлеп оқып, рухани кештің сәнін келтірді.

Кітапхананың тұрақты көрмелерін таныстыру барысында биылғы жылы 100 жылдық мерейтойы аталып өтілетін Кеңес Одағының батыры, Тасқала ауданының құрметті азаматы Садық Жақсығұловқа арналған «Тасқала тарихындағы өшпес тұлға» атты көрмесі ұсынылып, батыр тұлғаның ерлікке толы ғұмыр жолы насихатталды.

Оқырмандарды кітапханаға тарту, кітап оқуға деген ынтасын қалыптастыру, зияткерлік қабілетін анықтау мақсатында ұйымдастырылған «Жыр жұмбақ» әдеби пазл ойынында өлең-жырлардан үзінділер ұсынылып,оның авторын анықтау тапсырмалары берілді. Оқырмандар «Сұрақ кілті кітапта» құпия көрмеде жасырылған кітаптардың қысқаша мазмұны арқылы кітаптың атауы мен авторын таба отырып, қызықты кітаптармен танысты. «Жаңа кітап бізде, асығыңыз сіз де!» тақырыбымен қордағы жаңа түскен басылымдар насихатталды. 

Кітап фестивалі аясындағы іс-шаралар аудандық орталық кітапханалармен қоса ауылдық кітапханаларда да бір мезетте ұйымдастырылды.

Достық ауылдық кітапханасында «Кітап біздің досымыз» атты библио түн, Шежін ауылдық кітапханасында «Анықтамалық әдебиеттермен қалай жұмыстанамыз?» кітапханалық сабақ, Бірінші Шежін ауылдық кітапханасында «Артық білім кітапта» библиомикс, Мереке ауылдық кітапханасында «Кітап – білім бұлағы» bookrossing, Ақтау ауылдық кітапханасында «Өзің оқып, өзгені қызықтыр» әдеби колейдоскоп шаралары ұйымдастырылып, оқырмандарға қызыққа толы бағдарламаларын ұсынылды.

Сонымен қатар Оян, Амангелді, Тасқала ауылдық кітапханаларында «Кітап оқу – сізді биіктерге жетелейді», «Кітап – алтын қазына», «Кітап – ғажайып әлем» мәдени шаралары жалғасын тапты.

Кітап фестивалі оқырмандарға жаңа білім, сонымен қатар жақсы көңіл күй сыйлады десе де болады. Руханият ордасы саналатын кітап мекеніне келіп, ғылым жаңалықтарын, өткен тарихымызды, өнерімізді білу үшін кітапты көп оқудың маңызы зор.

Кітапханада ұйымдастырылатын осындай тағлымды шаралар арқылы қоғамымызда кітап қадірін білетін саналы оқырмандарымыздың қатары артады деген үміттеміз.

Бақтыгүл Шотанова

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале