Тасқала ауданның 90 жылдық мерейтойына орай ұлттық көкпар ойынынан Тасқала ауданының ашық біріншілігі өтті. Шараның ашылуына аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжан және бөлім басшылары қатысты.
Ұлттық құндылықты насихаттау әрі жастар арасында достықты нығайту мақсатымен өткен сайыстың ашылу салтанатында Жанар Бисенғалиева сөз алды.
– Құрметті жерлестер, ауданымыздың қонақтары, жыл басынан бері өтіп жатқан Тасқала ауданының 90 жылдық мерейтойы аясындағы іс-шараның жалғасы ретінде көкпар жарысының ашылу салтанатына баршаңыз да қош келдіңіздер! Аудандық ашық біріншілікке қатысып отырған көкпаршыларға сәттілік тілейміз. Бұл ойынды облыстық, тіпті республикалық деңгейді спорт түрінің бірі деп айтуға болады. Көкпардан жарыс ауданда алғаш өткізіліп отыр. Ат тақымында ойнайтын, рухы биік, еліміздің жүректі жігеттері көп болсын. Жылқы десе арқасы қозбайтын қазақ жоқ шығар. Баптай келген жүйріктеріңіз сүрінбесін. Өздеріңізді, тақымдаған тұлпарларыңызды сақтаңыздар. Әрқашан келесі бәйге мен көкпарға аман-есен жете беріңіздер, – деген Жанар Нұрболатқызы шабандоздарға сәттілік тіледі.
Дүбірлі додаға ауданға қарасты облыс аудандарынан және ауылдардан тақымы мықты 48-ке тарта шабандоз келді. Сайын далада еркін шауып, талай салым салған көкпаршылар тартысты ойын көрсетті.
Көкпар десе делебесі қозатын, сайдың тасындай іріктелген жастардан жиналған командалар қатысып, күш сынасты. Әр ауылдан келген жастар өз өңірінің намысын жібермеуге тырысып, көкпарды тартысты етті.
Таңертеңмен басталған аламан кеш қарайғанша қызу әрі тартысты өтті. Ұлттық ойында көкпаршылар бар өнерін салды. Оны тамашалап тұрған жұрт ұрандатып салған дауысынан-ақ аңғаруға болады. Білекті жігіттер жерде жатқан серкені тақымға қысып, өз командасына ұпай жинап, айқын басымдық көрсетті. Сайыс қорытындысында командалық есеппен бас бәйгеге тігілген 200 мың теңгені Шыңғырлау ауданынан келген «Бөгенбай батыр» құрама командасы иеленді. Ал ІІ орынды өзіміздің тасқалалық «Найзатас» командасының шабандоздары ұтып алды. Олар 150 мың теңге көлемінде ақшалай жүлдеге қол жеткізді. Сайысты үшінші орынмен қорытындылаған Сырым ауданының «Сырым батыр» құрама командасы 100 мың теңге қаржылай сыйлықты қанжығалады. Төртінші орын алған бөрлілік жігіттерге 50 мың теңге берілді.
– Көкпар тартумен 2019 жылдан бастап, 19 жасымнан айналысып келемін. Ең алғашқы көкпар сайысына мені үйретіп, жігерімді оятқан Серік Абдрахманов, Артур Шурин сынды ағаларыма алғысым шексіз. Көкпардың балалардың бойында азаматтық қабілетті дамытуда орны ерекше деп ойлаймын. Ер-жігіттер осал болмай, рухты болады. Көкпардың қиындығына келер болсақ – қауіпті ойын сәттері, денсаулыққа зиян келетін тұстары баршылық. Ат үстінде мығым отырғанның өзінде де кейде қарсыластың айла-тәсілінен, аттың сүрінуі, жарақат алуынан көкпаршы да зиян шегуі мүмкін. Біз көкпардың қиындығынан қорықпай, оған деген махаббаттан ләззат алып, ат үстінде делебеміз қозып, рухтанып кетеміз, – дейді көкпаршы жігіт Қуан Емқанат.
Гүлмира Серікқалиқызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz