Тасқала спорт кешенінде «Ақшақар 2025» қысқы спорт түрлері бойынша аудандық спартакиада бастау алды.
Жарысқа, Мерей, Ақтау, Мереке, Қосшы ауылдық округтері мен қатар Ы.Алтынсарин, Қ.Сәтбаев, С.Жақсығұлов атындағы орта мектептері, сондай-ақ, аудандық спорт клубының командалары қатысуда.
Жарыстың ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева сөз сөйлеп, барлық қатысушы командаларға сәттілік тіледі. «Баршаңызды бүгінгі қысқы спорт түрлері бойынша аудандық спартакиаданың ашылуымен құттықтаймын. Қазіргі таңда спортқа көп көңіл бөлінуде. Әсіресе, қысқы спорт түрлерін дамытуға назар аударылуда. Ауданда жаңадан ашылған спорт кешені осының дәлелі. Алдағы уақытта да осындай сайыстарды ұйымдастырып, ауданымыздың спортшылары қысқы спорт түрлері бойынша үлкен жетістіктерге жететініне сенімім мол», - деді Саягүл Мәулетқызы.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру және дене шынықтыру мен спортты насихаттау мақсатында ұйымдастырылған сайыста командалар төрт кезең бойынша сынға түседі. Қатысушылар шаңғы жарысы, допты хоккей, президенттік көпсайыс және конькимен жүгіру сияқты спорт түрлерінен екі күн бойы бақ сынайтын болады.
Болат Бек,
Тасқала ауданы