Кеше «AMANAT» партиясынан сайланған Тасқала аудандық мәслихат депутаттары, мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, фракция төрағасы Люция Жұбанышқалиева мен депутат Данияр Дүйсенгалиев аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесті.
Оған ауданның зиялы қауым өкілдері, партия ардагерлері, бастауыш партия ұйымының төрағалары мен мүшелері, ауыл ақсақалдары мен жастары, қоғамдық кеңес мүшелері, ауыл тұрғындары, сондай-ақ Тасқала ауылдық округінің әкімі Жамбыл Алғадай қатысты. Жиында аудандық мәслихат депутаттары өз сайлау округтері бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндап, алдағы жұмыс жоспарларымен бөлісті. Тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақтарға жауап берді.
Кездесуге жиналғандар қалаға мен екі ортаға қатынайтын такси бағасының күрт өсуі мен қараңғы көшелерге уақтылы жарық орнату, газ қызметінің техникалық ақауларын бақылайтын мекеме мен бұзылған келісімшартты қайтадан жолға қою сынды мәселелерді қозғады. Депутаттар көтерілген мәселелердің барлығы да назарға алынып, алдағы уақытта шешу үшін қажетті шаралар қабылданатынын атап өтті.
Жиынға қатысушылар ауданның дамуы мен тыныс-тіршілігіне қатысты ұсыныстары мен сын-пікірлерін білдіріп, халық қалаулыларынан тұшымды жауаптар алды.
Жиынның соңында "AMANAT" партиясы Тасқала аудандық филиалының төрағасы Люция Әсетқызы Республикалық халықтық штабтың төрағасы Е.Қошановтың атынан партия ардагері Р. Мусалимовага алғысхат, ал партия қатарына жаңадан қабылданған мүшелеріне партия билеттерін табыс етті.
Болат Бек,
Тасқала ауданы