31.01.2024, 17:53
Оқылды: 81

Тасқалада мобильді топ құрылды

Тасқала ауданы әкімдігінде құқықтық мәселелер туралы жиын өтті.

шара (2)

Оған аудан әкімі Талғат Шакиров, аудан прокуроры Дәурен Тәжғалиев, мекеме басшылары қатысты.

 Аудандық прокуратураның бастамасымен профилактикалық жұмысты күшейтуді көздеген кейбір заңнамаларға енгізілген өзгерісті түсіндіру мақсатымен өткен жиында екі мәселе қаралды.

Алдымен аудандық прокуратураның аға прокуроры Қайырбек Темірбай «Инвесторлардың құқықтарын қорғау» туралы баяндама жасады.

– Мемлекет басшысының тапсырмасымен прокуратура органдары инвесторларға қатысты мемлекеттік органдардың барлық шешімі мен шектеу шаралары бойынша «Инвесторларды қорғау жөніндегі прокурорлық сүзгі» жобасын енгізген болатын. 2023 жылдың 13 желтоқсанынан бастап мемлекеттік органдарға, жергілікті атқарушы органдарға, сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілеріне инвесторларға қатысты тыйым салу сипатындағы шара түрлерін прокуратура органымен келісу тапсырылды. Мақсаты – инвесторлардың құқығы мен заңды мүддесін бұзудың алдын алудың тиімді құралдарын енгізу және инвестициялық ахуалды жақсарту, – деді Қайырбек Асылбекұлы.

Екінші мәселе, яғни «Зорлық-зомбылықтың алдын алу» туралы сөз кезегі аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазезге берілді.

 – 2023 жылы аудан аумағында зорлық-зомбылыққа қатысты 17 іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде кездесулер, «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» акциясы, психологиялық кеңес беру, парақшалар тарату, өзге де іс-шаралар қамтылды. Ауданда отбасы құндылығын сақтау, тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу, жас отбасыларды қолдау бағытындағы жұмыс жүйесі қалыптасты. Енді биылдан бастап бұл жұмысты жаңа форматқа көшіру көзделіп отыр. Оған аудандық аналар кеңесі, «Тасқала әйелдері» қоғамдық бірлестігі, ақсақалдар кеңесі және жастар ресурстық орталығы жұмылдырылды, – деген Думан Ғазез ауданда осы бағытта ұйымдастырылған іс-шараларға тоқталды.

Жиынды қорытындылаған Талғат Асқарұлы қаралған мәселелердің маңызына тоқталып, сұрақтар мен ұсыныстарды саралап, жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.

Айтып кетсек, аудандық прокуратураның бастамасымен «Бақытты және қауіпсіз балалық шақ» жобасын іске асыру аясында мобильді топ құрылды.

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале