Қазанның оныншы күні елімізде мүмкіндігі шектеулі азаматтарды қорғау мен құрмет көрсету күні аталып өтеді. Бұл күннің мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жандардың әлеуметтік мәселелерін шешу және оларға құрмет көрсету.
Бүгін Тасқала аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен «Мейірбандық күндері» қайырымдылық айлығы аясында ауданда алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балалардың «Мен бақытымды суреттеймін» атты қолөнер көрме-жәрмеңкесі өтті.
Әр ауылдық округтен мүмкіндігі шектеулі балалар келіп, өздері дайындаған туындыларын көрмеге орналастырды. Шараның негізгі мақсаты – ерекше балаларымыздың мәселесіне қоғам назарын аударып, оларды қолдау, шығармашылық қабілеттерін дамыту және еңбектерін бағалау.
Шараға аудан әкімі Талғат Шакиров, аудандық мәслихат төрағасы Жанар Бисенғалиева, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Батима Кентугаева, аудандық сот төрағасы Алия Тебирикова, әлеуметтік еңбек саласының үздігі Раушан Мусалимова және бірқатар бөлім басшылары қатысты.
Алдымен сөз алған аудан әкімі Талғат Асқарұлы қатысушыларды құттықтап, «Балалардың жұмыстарын көріп тұрмын, әртүрлі бағыттағы шығармашылықтары тамаша. Ата-аналары мен ұстаздарына алғысым шексіз. Бұл шара жыл сайын жалғасын табады. Суреттеріңіз бен қолөнерлеріңізді жұмыс орныңызға немесе үйіңізге қойсаңыз, керемет болады. Балаларымызға бақыт, денсаулық, жүздерінен күлкі кетпесін», - деп жылы лебізін білдірген аудан әкімі, бір топ балаларға арнайы марапат табыс етті.
Сондай-ақ, аудандық сот төрағасы Алия Бауыржанқызы, әлеуметтік еңбек саласының үздігі Раушан Сабырғалиқызы және аудандық мүгедектер қоғамының төрағасы Ахмеджан Тілепұлы да өз тілектерін білдіріп, балаларға арнайы марапаттар табыстады.
Мәдениет қызметкерлері шарада ән шашу ұйымдастырып, мүмкіндігі шектеулі жандар мен келген қонақтар да әнге қосыла билеп, көтеріңкі көңіл күйде болды.
Назерке Шайхоллақызы,
Тасқала ауданы