«Сәулет» мектеп-лицейінде 9–11 сынып оқушылары арасында 16 желтоқсан — Тәуелсіздік күніне орай және «Заң мен тәртіп» қағидаты негізінде ұйымдастырылған «Тәуелсіздік CUP» аудандық пікірсайысы өтті.

Ауқымды додаға аудан мектептерінен ең белсенді жас дебатшылар қатысып, өзара білім мен ой-өріс бәсекесіне түсті. Турнирдің негізгі мақсаты — оқушыларды ел тарихы мен ұлттық құндылықтарды құрметтеуге, отансүйгіштік рухты нығайтуға, сондай-ақ қоғамдық мәселелерді еркін әрі ашық талқылау арқылы сыни ойлау мен жауапкершілік дағдыларын қалыптастыру болатын. Жиында алғаш болып сөз алған аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев қатысушыларға сәттілік тілеп, пікірсайыс турнирінің жастар арасындағы құқықтық мәдениетті нығайтудағы маңызын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, шара барысында жас өнерпаздар күй және ән орындап, мерекелік көңіл күй қалыптастырды. Турнирге ауданның 10 білім беру ұйымынан командалар қатысып, зияткерлік додада бақ сынады. Барлық қатысушылар тіркеу, қауіпсіздік, тәртіп ережелерімен алдын ала таныстырылып, турнир барысында ұйымдастырушылар тарапынан бақылау қатаң сақталды.
Жарысты бағалау үшін кәсіби қазылар алқасы құрылды. Оның құрамында аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Фаузия Ибатова, педагогтар Серік Исмагулов, Жақсат Булекбаев, және Самат Ахметов болды. Қазылар алқасы шешім қабылдау кезінде әділдік, ашықтық және процедуралық тәртіп талаптарын басшылыққа алды. Пікірсайыс қарарлары еліміздің қоғамдық, экономикалық және мәдени мәселелерін қамтыды. Топтық кезеңде жаһандану, салық саясаты, ғылыми-технологиялық даму, киберспорт тақырыптары талқыланса, финалдық кезеңде ұлттық мейрамдарды жаңаша форматтау, экономикалық тәуелсіздік, ұлттық құндылықтардың рөлі сияқты маңызды қарарлар көтерілді. Барлық пікірталас раундтары заңдылық пен регламентті сақтау қағидаларына сүйене отырып жүргізілді.
Ашылу рәсімінен кейін командалар белгіленген кабинеттерге бөлініп, топтық іріктеу кезеңдері басталды. Қатысушылардың дәлелді сөз саптауы, құқықтық нормаларды тиімді қолдануы, талдау дағдылары және регламентті сақтау мәдениеті – бағалаудың негізгі критерийі болды.
Пікірсайыс бәйгесінде өз білімдері мен шеберліктерін жоғары деңгейде көрсете білген командалар лайықты марапаттарына ие болды. «Бас жүлдені» Мерей жалпы орта білім беретін мектебінің «Құйын» пракциясы қанжығасына байлады. І орынды «Атамекен» мектеп-бөбекжай-балабақша кешенінің «Атамекен» құрамасы жеңіп алса, ІІ орын Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияның «Саясат» құрамасына бұйырды. Ал ІІІ орынды «Сәулет» мектеп-лицейінің «NO LIMITS» командасы иеленді. Сонымен қатар «Үздік спикер» атағы Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназияның «Саясат» құрамасының спикері Ибраш Берікқалиға берілсе, «Үздік төреші» аталымын Ы.Алтынсарин ЖОББМ тарих пәнінің мұғалімі, қазылар алқасының мүшесі Ахметов Самат Бақтығалиұлы иеленді.

Жеңімпаздар аудандық білім беру бөлімінің I, II, III дәрежелі дипломдарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Бұл дода жас пікірсайысшылардың шығармашылық әлеуетін арттырып, олардың азаматтық көзқарасының қалыптасуына зор ықпал етті.
Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың құқықтық сауаттылығын, пікірталас мәдениетін және білімге деген құштарлығын арттыруға үлес қосты. «Тәуелсіздік CUP» турнирі — жастардың азаматтық көзқарасын қалыптастырып, заң мен тәртіпке құрметпен қарауға тәрбиелейтін маңызды жобалардың бірі ретінде есте қалды.
Еламан Құспанов,
Тасқала ауданы