Тасқала ауданы орталығындағы С.Жақсығұлов атындағы орта мектепте облыстық әдістемелік психологиялық қолдау орталығы, Тасқала ауданының білім беру бөлімі және Тасқала аудандық прокуратурасының ұйымдастыруымен аудандық семинар-практикум өтті.
Шара білім беру ұйымдарындағы директордың тәрбие жұмысы бойынша орынбасарлары мен педагог-психологтерінің кәсіби шеберліктерін арттыруға, өзара тәжірибе алмасу алаңын құруға бағытталды.
Бұл күні семинарға арнайы шақырылған мамандар мен сарапшылар тәжірибелерімен бөлісіп, маңызды тақырыптар бойынша баяндамалар жасады.
Мысалы, Сәуле Файзуллина «Қауіпсіздікті қамтамасыз етуді және деструктивті әсерлер мен аддективті мінез-құлықтың алдын алуды ұйымдастыру» тақырыбында баяндама жасап, жасөспірімдер арасында аддективті (тәуелділікке бейім) мінез-құлықтың қалыптасу себептері мен оның алдын алу шараларын түсіндірді.
Ал М.Өтемісов атындағы БҚУ тәрбие жұмысы және жастар саясаты департаментінің психологі Назерке Құрманғалиева «Тәуелділіктің зардабы» тақырыбында коучинг өткізіп, тәуелділікпен күресудің психологиялық әдістерін көрсетті.
«Сәулет» мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, педагогика ғылымдарының магистрі Айнагүл Дакишева «Мотивация және өмірлік мақсаттар: өзін-өзі дамыту арқылы аутодеструктивтілікті жеңу» тақырыбында сөз сөйлеп, жасөспірімдердің өмірлік құндылықтарын қалыптастыруда мотивацияның маңыздылығын атап өтті.
С.Жақсығұлов атындағы мектептің педагог-психологі, педагог-шебер Айжан Мұхтарова «Психологиялық көмек пен терапия: аутодеструктивтілікті емдеудің тиімді әдістері» тақырыбында баяндама оқып, жасөспірімдерге психологиялық қолдау көрсетудің тиімді тәсілдерін ұсынды.
БҚО ОӘПҚО әдіскер-координаторы Аякөз Галиева «Қауіпсіз балалық шақ: кәмелетке толмағандар мен жастардың деструктивті мінез-құлқының алдын алу» тақырыбын тілге тиек етті.
Семинар-практикум барысында білім беру ұйымдарының мамандары тақырып бойынша сұрақтарын қойып, пікір алмасып, тәжірибелік мәселелерді талқылады.
Қатысушылар жасөспірімдер арасындағы проблемаларды шешуде жаңа әдістер мен тәсілдерді меңгеріп, білім беру саласында қолдануға қажетті маңызды ақпараттар алды.
Мұндай семинарлар педагогикалық және психологиялық қызмет мамандарына өзара тәжірибе алмасуға, жаңа әдістерді меңгеруге мүмкіндік береді.
Назерке Шайхоллақызы,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz