3.11.2020, 10:34
Оқылды: 181

Тасқалада сала қызметкерлері құрметке бөленді

Жуырда Тасқала ауданы әкімдігінің үлкен залында әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне арналған шара өтті.

41060126-5767-476A-950D-F7CE25935842

Құттықтау сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауедин әлеуметтік сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың әлеуметтік қызмет көрсету саласындағы орасан зор еңбектерін ерекше атап өтті.

– Сіздердің еңбектеріңіз еліміздегі әлеуметтік саясатты тиісті деңгейде жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Әлеуметтік қызметкер – бұл тек кәсіп иесі ғана емес, өзгенің мұң-мұқтажына бейжай қарай алмайтын мейірбан жан. Себебі әлеуметтік сала қызметкерлерінің үкіметтік отбасылық құндылықтарды дамыту және қорғау бағытында жүргізіп отырған саясаты мен оның нақты жемісін қарапайым халыққа жеткізудегі маңызы ерекше. Қиын да қажетті мамандық бойынша тер төгіп жүргендіктеріңіз үшін шексіз ризашылығымды білдіремін, – деді ол өз сөзінде.

Шара барысында әлеуметтік саланың үздік қызметкерлері облыс әкімінің орынбасары Аманжол Алпысбаевтың, Батыс Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың, аудан әкімінің міндетін атқарушы Аян Халауединнің, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Батима Кентоғаеваның, Тасқала арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры Ганмирлан Тұрғаналиевтің атынан алғысхаттармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

– Халықты әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін осы ерекше күнмен құттықтаймын. Бұл кәсіби мереке осы жылдар ішінде тек ресми шара ғана емес, мейірім мен шапағат мейрамына, игі дәстүрге айналды. Сала қызметкерлерінің еңбектері еліміздегі әлеуметтік саясатты оңтайлы жүзеге асыруға мүмкіндік беруде. Бұл да адам құқықтары мен қоғамдық тұрақтылықтың сақталуының бір көрінісі. Әлеуметтік саланың басты құндылығы – кәсіби деңгейі жоғары, адамгершілік ізгі қасиеттерді бойына сіңіре білген қызметкерлердің көмекке зәру қарттарға, жетімдер мен мүгедектерге қолұшын созуға әрдайым әзір болуы. Әрқашан аман-сау болып, өздеріңіз жүректерінде сенім отын жаққан жандардың да ғұмыры ұзақ, шуақты болсын, – деді аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Бәтима Кентоғаева.

Б.Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале