19.07.2024, 9:00
Оқылды: 131

Тасқалада семинар-кеңес өтті

Қазақ халқы отбасы құндылықтарына баса мән беріп, оны биік ұстаған.  «Отан от басынан басталады» демекші  сол кездің өзінде-ақ үлкендеріміз әр шаңырақтың шайқалмауына септігін тигізді. Одан бөлек «Қызға қырық үйден, ұлға отыз үйден тыйым» деген мақалды негізге ала отырып ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берді. Олар ауыл болып, жас өскіннің тәрбиесін қадағалап, жол көрсетіп, ақыл айтып, бағыттап отыруды өздеріне парыз санаған.

004463D9-B3D8-4A20-998B-868FF05EF596

Қыздың тәрбиесі – бүкіл бір ұлттың тәрбиесі деп білген олар бойжеткендерімізді адамгершілікке, ізгілікке баулып отырған. Дүние есігін ашып, ес білген шағынан ата-ананы, үлкенді сыйлау керектігін үйреткен.

Соның да себебі болар, сол кездің өзінде тәрбиенің мықтылығы сол, отбасылардың ажырасуы, арақ ішіп, баласын қарамайтын әйелдер, тіпті отбасына ұрынып, қол жұмсағандар болмаған десек қателеспейміз. Бірен-саран болған күннің өзінде де ондай әңгіме отбасынан алысқа ұзамайтын. Ал қазір өкінішке орай қоғамда отбасы құндылықтарының құлдырауы жиі болады. Бұл кез келген адамның көңіліне қаяу түсіретіні жасырын емес. Әдетте, заман өзгерді деп заманға жаба салу да үрдіске айналып кетті. Оған заман емес, біз өзіміз, яғни адам кінәлі. Кезінде шаңырағындағы  қандай да бір мәселені сыртқа шығаруға ұялатын ата-баба ұстанымы бүгінде ұмыт бола бастады.  Әрине, үй болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. «Бір күндік ұрыстың, қырық күндік кесірі бар» демекші, болмашы бір түсініспеушіліктің салдарынан жанжал туындап оның арты үлкен ұрысқа айналатыны да жасырын емес. Ал осындай келеңсіз жағдайлар отбасында жиі болса ол үйде қандай берекет болады?

Отбасындағы түсініспеушіліктің салдарынан немесе өз жақынынан зәбір көрушілердің артуы елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы жаңа Заңның енгізілуіне түрткі болды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі бейжай қарамады. Мемлекет басшысының қатысуымен өткен Ұлттық құрылтай отырысында қоғамдағы осы бір ең өзекті мәселе көтеріліп,  талқыланды.

Онда Президент қатыгездіктің күшейіп бара жатқанына баса назар аударды. Біреуге тіл тигізіп, ар-намысын таптап, керек десеңіз ұрып-соғуға дайын тұратындардың да аз еместігін атап өтті.

32BDB981-7FA4-4D2D-AE04-60EBBF075E71

«Адамға әлімжеттік көрсету, қорлау дұрыс емес.  Мұндай теріс әрекеттерге көз жұма қарауға болмайды. «Ауруын жасырған өледі» демекші, сондықтан біз қоғамдағы осы дертті жасырмай, ашық айтуымыз керек. Бір сөзбен айтқанда, адамдар қауіпсіз ортада өмір сүруі керек. Заң мен тәртіп қатаң сақталуға тиіс. Ең бастысы, біз мейірімді әрі мәдениетті ұрпақ тәрбиелеуіміз керек» - деді Мемлекет басшысы өз сөзінде.

Осындай келеңсіздіктердің алдын алу мақсатында аудан әкімдігінің мәжіліс залында Тасқала ауданының қоғамдық кеңесі мен облыстық «Ақ отау» отбасы орталығы қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Отбасының құлдырауы – қоғамның құлдырауы» атты семинар-кеңес өтті.

Оған аудан әкімінің орынбасары Саягүл Галиева, облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Жаннұр Ахметов, «Ақ отау» отбасы орталығы қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алтынай Искалиева, аталмыш бірлестіктің өкілі, ардагер ұстаз Гүлнар Айтмағамбетова, Тасқала аудандық аналар кеңесінің жетекшісі Майра Нұрмақова мен ауылдық округтен келген іскер әйелдер, аналар кеңесінің төрағалары, қоғамдық кеңес мүшелері  қатысты.

Шараның негізгі мақсаты – әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты болдырмау, олардың алдын алу, ана мен баланы қорғау, халықты қоғамдағы отбасының рөлін күшейтуге бағытталған шаралармен таныстыру зорлық-зомбылыққа қарсы қабылданған ҚР Заңнамаларын талқылау болатын.

Аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Ганмирлан Тұрғанәлиевтің төрағалығымен өткен жиында сөз алған Алтынай Исқалиева алдымен «Ақ отау» отбасы орталығы қоғамдық бірлестігінің жұмысына шолу жасай отырып, салауатты өмір салтын насихаттау, өз-өзіне қол жұмсауға жол бермеу мақсатында ұйымдастырылған түрлі шараларды тілге тиек етті.

– Біздің жұмысымыз тұрақты және тәуелді түрде мықты отбасын құруға бағытталған. Мақсатымыз қазіргі таңда үйленіп, ажырасып кетіп жатқан отбасыларды қайта табыстырып, қандай қиындық болса да оған шыдап, неке мен отбасын сақтап қалуға  үгіттеу.

Бүгінгі таңда отбасылық тұрмыстық зорлық-зомбылық ол жасөспірімдер мен әйелдердің денсаулығына зиянды әсер ететін және мемлекетіміздің дамуына кеселдік келтіретін қатерлердің бірі. Сондықтанда, біз үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдағы зиялы қауым өкілдері біріге отырып, осындай келеңсіздіктердің алдын алуымыз керек. Не болса да, бұл тақырып қоғамда ашық айтыла бастады. Үкімет те назар аударып, Заң жүзінде қатаң шаралар қабылдауға көшті. Бастысы, қозғалыс бар. Өз құқыңызды қорғай білген дұрыс, - деді өз сөзінде Алтынай Ғалымқызы.

Одан әрі сөз алған аудандық аналар кеңесінің төрайымы Майра Нұрмақова да ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық тәрбиеге тоқталды.

– Біз тәрбие мәселесін қозғаған кезде қазақ халқының тәрбиесі әлемде теңдесі жоқ тәрбие екендігін, халқымызда қанмен беріліп, ұят пен ибадан тұратын  жазылмаған дала заңы барын  мойындауымыз керек. Оны біздің ата-әжелерміз бізге мирас қылып, дәстүрімізге енгізіп кетті. Әжелеріміз ұрпағын ешкімге қиянат істеме обал болады, жатқылық жасама ұят болады, жақсылық жаса сауап болады деп тәрбиелеген.

Өркениетті елдерде том-том кітаптарға енген тәрбие тарауларын әжелеріміз осы үш-ақ ауыз сөзбен жеткізген. Ал, бүгінде осы көздің қарашығындай сақтаған ұлттық тәрбиеміздің құдіреттілігіне біз қаншалықты адалмыз. Жеңіл өмір сүріп, бауыр еті балаларына көңіл бөлмейтін әйелдер, жауапкершілікті сезінбейтін еркектер, жат қылықты әдет қылып, некесіз бала туып, оларды далаға лақтырып кетіп жатқан қыздар, үйлене сала тұрмыстың ауыртпалығын көтере алмай ажырасып жатқан жастар,ішкілікке салынған ер мен әйелдер қоғамымыздағы ащы да болса шынайы шындықтың көрінісі. Тас талқан болған тағдырлар, жанары жәудіреген балалар ұяттан безген ата-аналарды еш ойландырмайды. Біздің данышпан аталарымыз «ашыққан қарын тойынар, жыртылған киім жамалар, ал ұрпақ тәрбиесін босаңсытып алсақ біздің болашағымыз қайтіп оңалар» деп тәрбие мәселесін басты назарда ұстап, оны еш босаңсытпаған. Сондықтан, ел болып тәрбие мәселесін басты назарда ұстауымыз керек, - деді Майра Әбуқызы.

Одан әрі жиналғандар өз пікірлерін ортаға салып, отбасындағы зорлық-зомбылықтың тек бір жақтан болмайтынын алға тартып, өз ойларымен бөлісті.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале