18.09.2024, 10:30
Оқылды: 17

Тасқалада шағын футболдан турнир өтті

Тасқалада «Жастар» стадионында шағын футболдан мектеп оқушылары арасында «Ардагерлер кубогі – 2024» аудандық турнирі өтті.

9E2467E7-9B15-4472-94A2-D1C1C0695924

Сурет: freepik.com

Ауданда футбол ойынын насихаттау және ойыншылардың жеке шеберлігін арттыру мақсатында ұйымдастырылған шараға аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Балыков, спорт ардагерлері, мектеп оқушылары және спортсүйер қауым қатысты.

Шараның ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Рауан Бисенғалиұлы салтанатты түрде құттықтау сөзін сөйледі. Ол турнирге қатысушыларға сәттілік тілеп, спорттың денсаулыққа тигізер пайдасы туралы тілге тиек етіп, спортшылар мен спорт ардагерлерінің төзімділігі мен қажырлы еңбегін атап өтті.

Сонымен қатар осы шараның өткізілуіне зор үлес қосқан азаматтарға аудан әкімі Талғат Асқарұлының атынан алғысхаттар табыстады.

Келесі сөзді алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жәрдемғали Абылғалиұлы жарысқа қатысушы командаларға жүрек жарды лебізін білдіріп, бірқатар азаматттарға «Жайнай бер, Тасқала» қоғамдық қорының атынан алғысхаттар табыс етті.

Спорт ардагерлерінің атынан барлық қатысушы командаларға спорттық киімдер табысталды. Қатысушы командалар жарыс барысында осы формамен өнер көрсетеді. Әр командаға сыйлық ретінде доп берілді. Сонымен қатар өмірден өткен спорт ардагерлерінің отбасыларына құрмет көрсетілді.

«Шағын футболдан мектеп оқушылары арасындағы «Ардагерлер кубогі – 2024» аудан төрінде 15-ші рет ұйымдастырылып отыр. 2007 жылдан бастап Дәулет Кабуловтың бастамасымен және спорт ардагерлерінің демеушілігімен жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Биылғы жарысқа 12 команда қатысып жатыр, олар төрт топқа бөлінді. Әр топтан бір команда келесі кезеңге өтеді», - дейді жарыстың бас төрешісі Қайырбек Давлетов.

Турнир ардагер спортшылар мен аудан оқушылары командасының арасындағы жолдастық кездесумен басталды. Одан әрі әр команда кестеге сай ойын алаңында кездесті. Екі күнге созылған тартысты ойында командалар топтан алға шығу үшін ынта-жігерлерін көрсетті.

Нәтижесінде Қ.Сәтбаев атындағы мектеп-гимназиясының командасы үздік атанса, екінші орынды Сәулет мектеп-лицейінің командасы еншіледі. ІІІ орын Ақтау мектебінің командасына бұйырды. Ойын барысында алаңның әр бұрышында өз шеберліктерімен көзге түскен ойыншылар да марапатқа ие болды. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері ұйымдастырушылар тарапынан кубок, медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Болатбек Сапарғалиев

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале