23.08.2024, 9:45
Оқылды: 130

Тасқалада «Сырлы жеңге – сұлу қыз» атты байқау өтті

Ұлттық салт-дәстүр – халқымыздың рухани өзегі. Десекте, соңғы кезде кейбір салтымыздың ұмыт болып бара жатқаны да жасырын емес. Естеріңізде болса былтыр Тасқала ауданы орталығынан «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігінің филиалы ашылып, өз жұмысын бастаған болатын.

4F3D820C-8227-48CD-8731-FB87B7F1949C

Мұндағы мақсат – өскелең ұрпаққа ұлттық құндылықтарымызды насихаттай отырып, ұмыт бола бастаған салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту, ұлттық мүддені жоғары қоятын, озық ойлы, білім мен білікті ұлттық салт-дәстүрмен ұштастырып жүрген асыл аналарды дәріптеу, қазақ қоғамындағы жеңге мен қайынсіңлі арасындағы қарым-қатынасты нығайтатын бойжеткен тәрбиелеу және оның бойына қазақи болмысты сіңіру, сондай-ақ, ұлттық құндылықтарымызды одан әрі дамыту болатын.

Осыған орай жуырда аудандық мәдени демалыс орталығында аталмыш бірлестіктің төрайымы Күміс Искалиеваның ұйымдастыруымен, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру, спорт және  ішкі саясат бөлімдерінің қолдауымен қазақ қыздарына тән инабаттылық, имандылық пен әдептілікке тәрбиелейтін, ұлттық салт-дәстүрді қадірлеуге үндейтін «Сырлы жеңге – сұлу қыз» атты байқау өтті.

Аталмыш шараға «Қазақ аналары – дәстүрге жол» қоғамдық бірлестігі БҚО филиалының төрайымы, БҚО Аналар кеңесінің мүшесі, дәстүрлі әнші-сазгер «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Күләш Қуанышқалиева, I Республикалық «Абысын-ажын» конкурсының лауреаты Құралай Салимова, ұлттық киімдер дизайнері Жамиля Өтепқалиева мен әр аудандардағы филиал төрайымдары, сондай-ақ, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, аудандық тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Мұхтар Таңатжанұлы мен ауылдық округтерден келген аналар қатысты.

Төрт бөлімнен тұратын байқауда Амангелді, Ақтау, Атамекен, Достық, Оян, Мерей ауылдарынан үміткерлер бақ сынады. Алдымен қонақтар ақтан дәм татып, фойеде орналасқан ұлттық көрмені тамашалады.

B6A2E6BF-D869-4027-B270-892E2714943C

Қазақ мәдениетінің негізгі қайнар көзі – ұлттық құндылықтар екенін жақсы білеміз. Киіз үйден бастап барлық тұрмыстық құралдар мен қыз ұзату, шілдехана, тұсаукесер, сүндет той сынды салт-жоралғылардың бәрі де – төл мәдениетіміздің тірегі.  

Салт-дәстүрдің халқымыздың діні мен сеніміне, тұрмысы мен тіршілігіне сіңгені сондай, ол ұлтымыздың бағыт алар темірқазығына айналды. Өйткені салт-дәстүріміздің тәлімдік, тәрбиелік мәні үлкен. Байқап қарасақ байғазы, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу сынды салт-дәстүрдің астарында үлкен тәрбие жатыр. Қыз баланы оң босағаға отырғызып қадірлеген қазақ халқы, үйіне келіп түскен келінді табалдырықтан оң аяғымен аттатқан. «Қызым саған айтам, келінім сен тыңда» деп келінді өз отбасына ыңғайлап тәрбиелей отырып, бүгінгі қыз – ертең бір отбасына келін боларын білген дана халық қыз баласының жеңгесімен жараса жүруін қалаған.

Есімдерін тура айтпай әдемі ат қойып, жеңгелері де қайынсіңлілеріне өздерінің бар білгендерін үйрете білген. Сондықтан аталмыш шара осындай дәстүрлерімізді қайтадан жаңғыртып, жеңге мен қайынсіңілі арасындағы нәзік те берік байланысты көрерменге жеткізу мақсатында ұйымдастырылған болатын.

B1BD260A-C256-470C-B0DB-2A31E9A79DBD

Әдемі кешті ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез ашып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Одан әрі сайысқа қатысушылар «Сырласым, сырғалым» бөлімінде өздерін таныстырса, «Өнерің болса қолыңда, байлығың жатар жолыңда» атты бөлімде өнерлерін ортаға салды. «Ас көп болса, кәде көп» атты үй тапсырмасы кезінде ұмыт бола бастаған тағамдарды алдын ала дайындап әкеліп, оның жасалу жолымен таныстырды. Ал «Бабамнан қалған дәстүрім қымбат» бөлімінде жеңге мен қайынсіңлі арасындағы бойжеткендерге қатысты салт-дәстүрден көрініс көрсетті.

Байқау қорытындысы бойынша әділқазылар шешімімен Қосшы ауылдық округінен келген Ислямгалиевтер әулеті бас жүлдені жеңіп алса, жүлделі I орын мерейлік Мухсимовтар әулетіне бұйырды. Ал II орынды Достық ауылынан келген Аманбаевтар әулеті еншіледі. III орын амангелділік Бақтыгереевтер әулетінің сұлу қызы мен сырлы жеңгесіне бұйырды. Сондай-ақ, ақтаулық Абдрахмановтар мен атамекендік Дәрменовтар әулеті байқауға белсенді қатысқаны үшін арнайы дипломмен марапатталды.

Жеңімпаздар мен қатысушыларға қаржылай сый-сияпат көрсетілді. Аталмыш шараның өтуіне «Арман» ШҚ басшысы Арман Мұқтаров, «Ағайын» ауылшаруашылық өндірістік копперативінен Бекбулсиновтар әулеті, облыстық мәслихат депутаты, кәсіпкер Нұртай Жұмашев, «Хантөре» ЖШС басшысы Эльмир Нұрбауова, жеке кәсіпкер Азамат Кұлшыманов, жерлесіміз Марзия Нұрмұхамбетова, Бақыт сынды ауданымыздың жомарт жандары демеушілік танытты.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале