16.02.2026, 17:52
Оқылды: 41

Тасқалада тазы жарысы өтті

Тасқала аудандық спорт кешенінде ұлттық дәстүрді жаңғыртуға бағытталған ауқымды мәдени-спорттық шара — тазы иттері арасында шырға тартудан ашық турнир өтті. Қазақ халқының бай мұрасын насихаттауды мақсат еткен бұл жарыс тек спорттық дода емес, саятшылық өнердің мәні мен маңызын айшықтаған рухани мерекеге айналды. Ұлттық құндылықтарды дәріптеген шараға аудан тұрғындары, қонақтар, тәжірибелі итбегілер мен жас саятшылар қатысып, ата-баба дәстүрінің қайта жаңғыруына куә болды.

тазы 5

Қазақ халқы ежелден тазыны жеті қазынаның бірі ретінде ерекше қадірлеген.

Жарысты тамашалауға Тасқала ауданының тұрғындары ғана емес, көршілес өңірлерден келген қонақтар да жиналды. Көрермен үшін бұл шара қазақы саятшылықтың көркем көрінісін көзбен көруге мүмкіндік берді.

Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, аудандық прокурор Алмас Унаев және аудандық ветеринариялық станцияның басшысы Марина Шамшитова сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Шара барысында саятшылық өнерін дамытуға елеулі үлес қосып жүрген тәжірибелі итбегілер мен жарыстарда жүлде алып жүрген азаматтар арнайы марапатталды.

Турнирдің негізгі кезеңі көрермен үшін аса тартысты өтті. Арнайы бапталған тазылар шырғаға жіберіліп, олардың жылдамдығы, аңды сезу қабілеті, бағыныштылығы мен ептілігі сынға түсті.

Сайыс қорытындысы бойынша аралас және үлкен тазылар арасында Жомарт Ғаппаровтың «Оян» атты тазысы («Айқас» тобы) үздік нәтиже көрсетіп, бірінші орынды иеленді.

тазы 3

Күшіктер санатында Деркул ауылының тұрғыны Ержан Идрисовтің «Боран» атты тазысы жеңімпаз атанды. Бұл санатта екінші орын Абзал Татмаковтың «Тентекқарасына», ал үшінші орын Мерген Бақытбектің «Көкжайығына» бұйырды. Үлкен тазылар арасында Жәнібек ауданынан келген Эльдар Бегалиевтің «Арлан Көкжалы» екінші орынды иеленсе, Тасқала ауданы Ақтау ауылының тұрғыны Ринат Хафизовтың «Лашыны» үшінші орыннан көрінді.

тазы 1

Жарыс барысында ұлттық салт-дәстүр элементтері де кеңінен көрініс тапты. Көрермендер қазақы киім үлгілерін, саятшылық құралдарын тамашалап, тәжірибелі итбегілердің әңгімелерін тыңдады.

Еламан Құспанов

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале