13.05.2026, 18:00
Оқылды: 8

Тасқалада ұлттық тәрбиеге негізделген әкелер форумы өтті

"Әкенің махаббаты – бұл отбасының қуаты мен қайраты" атты Тасқала аудандық әкелер форумы – тағылымы терең, мазмұны бай, ұрпақ тәрбиесіндегі әке рөлін айшықтай түскен маңызды басқосу болды.

PHOTO-2026-05-13-16-42-07

«Шұғыла» жазғы демалыс лагерінде өткен бұл шараға аудан әкімінің орынбасары Әли Бердешев, білім бөлімінің басшысы Айгүл Касимова, сала мамандары, білім беру ұйымдарының өкілдері, ардагерлер, әкелер мен оқушылар қатысып, отбасы құндылықтарын дәріптейтін өнегелі орта қалыптасты.

Форумның шымылдығы балалар музыка мектебі оқушыларының орындауындағы оркестрлік әуенмен ашылып, жиынға ерекше рухани әсер сыйлады. Жиналған қауымға бағытталған жылы лебіздер мен мазмұнды ойлар отбасының қоғамдағы орны мен әкенің бала тәрбиесіндегі маңызын терең ұғындырды. Қазақ халқының «Әке – асқар тау» деген даналығы кеңінен насихатталып, әкенің әрбір іс-әрекеті мен өнегесі бала өміріндегі бағыт-бағдар екені айқын көрініс тапты.

Форум барысында аудан әкімінің орынбасары Әли Сағдатұлы сөз сөйлеп, отбасы тәрбиесіне белсене араласып жүрген бірқатар үлгілі әкелерді Алғыс хаттармен марапаттады. Бұл – әке мәртебесін көтеріп, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға бағытталған игі қадам болды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан сала басшылары да өз ойларын ортаға салып, отбасы құндылықтарының маңыздылығына тоқталды.

PHOTO-2026-05-13-16-41-55 (1)

Шараның мазмұнды бөлігінің бірі – тәжірибелі әкелердің қатысуымен өткен шеберлік сағаттары болды. Әр спикер өз саласы бойынша ұлттық дәстүрлер мен тұрмыс-тіршіліктің қыр-сырын таныстырып, қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Атап айтқанда, ер-тұрман жабдықтарының ерекшеліктері, жылқыға мінгізу дәстүрі, жеті қазына ұғымының мәні, қой қырқу өнері және қамшы өру тәсілдері кеңінен көрсетілді. Қатысушылар топтарға бөлініп, әр шебердің жұмысымен танысып, ұлттық құндылықтарды көзбен көріп, қолмен ұстап сезінуге мүмкіндік алды.

Форум аясында ұсынылған әрбір бағыт – ата-бабадан мирас болып келе жатқан салт-дәстүрлердің өміршеңдігін дәлелдеп, әке мен бала арасындағы байланысты нығайта түсетін маңызды құрал екені байқалды. Ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды ұштастыра білген әкелердің өнегесі жас ұрпаққа үлгі болды.

PHOTO-2026-05-13-16-40-28 (1)

Шара барысында «Қиялдан» би тобының орындауындағы «Батырлар» биі көрермендерге ерекше әсер сыйлап, рухты көтерді. Ал кеш соңында орындалған «Менің әкем – ең жақсы адам» әні әкеге деген құрмет пен сүйіспеншілікті жүрекке жеткізе білді. Форум қорытындысында сөз алған білім беру бөлімінің басшысы мұндай тағылымды кездесулердің маңызы зор екенін атап өтіп, спикерлерге алғыс білдіріп, арнайы сертификаттар табыстады. Жалпы, бұл форум – әкенің отбасы мен қоғамдағы рөлін терең түсінуге, ұрпақ тәрбиесіне жауапкершілікпен қарауға үндейтін, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға бағытталған маңызды шара болды. Осындай игі бастамалар арқылы қоғамда әке беделі артып, отбасы институты нығая түсері анық. Шара соңында қонақтар ұлттық тағамдардан дәм татып, киіз үйде бас қосып, еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Бұл да өз кезегінде ұлттық дәстүр мен қонақжайлықтың жарқын көрінісіне айналды.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале