4.12.2024, 16:00
Оқылды: 18

Тасқалада жастар бизнес-коучпен кездесті

Тасқала аудандық мәдени-демалыс орталығында бизнес ашу, әлеуметтік желі арқылы табыс табу және сауданың әрқилылығы туралы жастармен кездесу ұйымдастырылды.

Кездесу жастар (1)

Оған аудан прокуроры Алмас Унаев, бизнес тренер Сарман Минасов, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез, аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жиенбай Мирамбаев және аудан жастары қатысты.

Алдымен сөз алған прокурор Алмас Маратұлы бүгінгі таңда аудан бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарды бір шолып өтті. Ол өз сөзінде бас прокурордың тапсырмасына сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алу, суицид, патриотизмді дәріптеу және жастардың қоғамдағы рөлін арттыру сынды түрлі форматтағы кездесулердің ұйымдастырылып жатқанын тілге тиек етті.

Кездесу жастар (2)

– Бүгінгі таңда танымал тұлғаларды ауданға шақыртып кездесулер өткізудеміз. Жалпы мемлекеттің дамуы экономиканың дамуына тығыз байланысты. Ал экономиканың дамуының бір жолы бұл кәсіпкерлік болып саналады. Бүгінгі таңда өз кәсібін ашамын деген азаматтарға мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалар жүзеге асырылуда», - деген аудан прокуроры жастарды кәсіпкерлікке шақырды.

Келесі кезекте табысты кәсіпкер, бизнес-тәлімгер және сертификатталған бизнес-коуч Сарман Құрманұлы сөз алды. Ол өз тәжірибесімен бөлісіп, кәсіп ашу жолындағы түрлі маңызды аспектілерді түсіндірді. Өзінің кәсіпкерлік жолына тоқталып, табысты бизнес жүргізіп отырғанын айтты. Оның бизнестегі алғашқы қадамдары аяқ киімдер сатудан басталған.

«Мен ауылдан шықтым, бүгінгі таңда өз кәсіпкерлігімді дамытып жатырмын. Бизнеске алғаш қадам басқан кезде менің басымда түрлі сұрақтар болды. Менің алғашқы сатылымымда тек бес мың теңге пайда таптым, бірақ бұл мен үшін үлкен қуаныш болды. Адам бір нәрсені бастамас бұрын ұтам ба, әлде ұтыламын ба деп ойлайды. Бұл ойдұрыс емес. Оны жүзеге асырғасын ғана білесің», - деді ол.

Кездесу жастар (3)

Ол кәсіп ашуды алғаш рет бастайтындарға қажетті дағдылар мен білімдер туралы әңгімелеп, әлеуметтік желілерді тиімді пайдалану, қаржылық үнемділік, бизнеске қажетті қабілеттер туралы кеңестер берді. Бизнес әлемінде табысқа жетудің құпиялары мен әдіс-тәсілдері туралы да сөз қозғады.

Кездесу барысында жастар сұрақтарын қойып, өздеріне қажетті ақпарат алып, кәсіпкерлікке деген қызығушылықтарын арттырды. Кәсіпкерлік туралы алған білімдері мен тәжірибелерін жүзеге асыруға дайын жастар үшін бұл кездесу үлкен мүмкіндік болды.

Кездесудің соңында аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез өз алғысын білдіріп, арнайы кітап сыйлап, жастарға бизнес ашуға арналған ойлар мен идеяларды ұсынған Сарман Құрманұлының жұмысына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, кездесудің әсерлі болғанын, жастарға үлкен ой салғанын атап өтті. Сарман Құрманұлы өз кезегінде аудандық кітапханаға «Атомные привычки» кітабын табыс етті.

Болат Бек

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале