9.08.2024, 13:00
Оқылды: 163

Тасқалада жылыту маусымына дайындық қалай?

Әне-міне дегенше жадыраған жазда да аяқталып, күздің де келуіне санаулы уақыт қалды. Кейде қыркүйектің бірде жылы, бірде салқын құбылмалы ауа райы да қыр астында тұрған қыстың мінезін ептеп сездіретіндей. Бұл дегеніміз қыстың қытымыр аязына дайындықты тағы бір пысықтап, отын-суыңды сайлай бер деген сөз. Осы тұста ауданның қысқы жылыту маусымына дайындығы қандай?

A8E8307E-C1F2-4DC1-8DC5-2294C74EEEF9

«Жергілікті әкімдік пен тиісті мекемелер қыстың қамын жазда ойластырды ма?» деген сұрақ туындайды. Сондықтан біз осы мәселелерді тақырып нысанына алып, саралап көрдік. Жалпы жылыту маусымына дайындық аудан әкімдігінің де жіті бақылауында. Өткен аптада аудан әкімінің орынбасары Рауан Рахметуллин мен Тасқала ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл ауылдық округке қарасты мектептердің жылыту қазандықтарының жаңа оқу жылына дайындығын тексеріп, өз көздерімен көріп қайтты. Көңілдері толмаған кейбір жұмыстарды тағы бір қарап, толықтай жөндеп, іске қосуға дайындап қоюды тапсырды.

Ал аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Асылханның берген мәліметіне сүйенетін болсақ, 2024-2025 жылдарға әлеуметтік салалардың жылыту маусымына дайындығын тексеру мақсатында Тасқала ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 23 сәуірдегі №92 қаулысы негізінде жұмыс тобы құрылып, іс-шара жоспары бекітілген.

– Жалпы аудан бойынша 80 әлеуметтік маңызы бар нысан болса, оған 37 мәдени, 18 денсаулық және 25 білім нысаны кіреді. Алдымен аудандағы мәдени нысандардың қысқа дайындығына тоқталып өтейік. Аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі бойынша барлығы 23 кітапхана болса, соның ішінде орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің теңгеріміндегі 5 кітапхана газбен, ал, Қазақстан ауылдық округіне қарасты Қалмақшабын елдімекеніндегі бір кітапхана қатты отынмен жылытылады.

841FB6DB-8EF2-4BDB-A2F2-754B31D0C806

Аталмыш елді мекендегі кітапханаға тамыз айында 4 тонна көмірге мемлекеттік сатып алу порталы арқылы хабарлама беріледі. 2024-2025 жылыту кезеңіне қазандықтарда ағымдағы және күрделі жөндеулер жоспарланбаған. Ал аудандық мәдени-демалыс орталығы бойынша тоғыз ауылдық мәдениет үйі, екі ауылдық клуб бар.

Олардың барлығының да жылыту қазандықтары тексерістен өткізіліп, жылу үрлегіштері ауыстырылып үлгерген.

Денсаулық сақтау саласына келетін болсақ, аудандық аурухананың жылыту қазандықтарына  жыл сайынғы қызмет көрсету үшін 240 мың теңге көлемінде қаражат жұмсалады екен. 2024-2025 жылғы кезекті жылыту маусымына дайындық барысында Тасқала аудандық ауруханасында автономды және газбен жылыту бар.

Биылғы жылы 477 мың теңгеге циркулярды сорғы ауыстырылған. Қазандықтарға қызмет көрсету бойынша арнайы келісімшарт жасалып, ай сайын техникалық қызмет көрсетіледі. Жылыту маусымына дейін олардың жұмыстары міндетті түрде тексерістен өткізіледі. Аудандық аурухана қарамағында екі дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік амбулаториялық пункт пен 9 медпункт бар. Оның ішінде Ақтау және Қосшы   ауылдық округтеріне  қарасты Ақкүтір және Кеңжайлау елді мекендеріндегі медициналық пункттер қатты отынмен жағылады.

Қазіргі таңда  жоғарыда аталған Ақкүтір, Кеңжайлау елді мекендеріне 5 тонна көмірге  мердігермен келісімшарт жасалып, оны тамыз айында жеткізу жоспарланып отыр. Жоспарға сай бекітілген 5 тонна көмірдің 3 тоннасы Аққүтірге, 2 тоннасы Кенжайлауға жеткізілетін болады. Негізі  Кежайлау елді мекеніндегі медпункт көгілдір отынға қосылу керек болатын.

Әзірге бұл жұмыс оң шешімін таппады. Ал Бастау елді мекеніндегі медпунктке жылу мектеп арқылы беріледі.

Ал білім беру нысандары бойынша Тасқала аудандық білім беру бөліміне қарасты 18 білім, 3 қосымша білім беру объектісі мен 4 балабақша бар.  2024-2025 оқу жылының күзгі-қысқы жылыту маусымына барлық білім беру ұйымдары табиғи газға арналған қазандықтармен жабдықталған.

Барлық операторлар қайта даярлау курстарынан өтіп, жылыту маусымы басталғанға дейін емтихан тапсырады. Қазіргі таңда аталмыш нысандардың  қазандықтарына  ағымдағы жөндеу жұмыстары (сылау, әктеу) жүргізіліп, опрессовка жасалды. Өлшеу құралдарын (манометр, дабыл қаққыш) тексерістен өткізу үшін мемлекеттік сатып алу порталына хабарландыру берілді.

Тозығы жеткен құрал-жабдықтарды жаңарту үшін  2024 жылдың 4 маусым күні №1-15/651 облыстық білім басқармасына бюджеттік өтінім жіберілді. Жалпы білім беру ұйымдарына қажетті материалдар саны 10 дана қазандық, 14 дана церкулярлық насос, үш фазалық генератордан 4 дана, - дейді Асылхан өз сөзінде.

Иә, биылғы қыстың қалай болатынын болжау қиын. Бірақ ел арасында «Биыл қыс ерте түседі» деген әңгіме бар. Сондықтан, «қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, күн жылы, жер қара кезде қол қусырып қарап отырмай, қысқа дайындық жұмысын жүйелеп алған дұрыс.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале