23.04.2021, 17:09
Оқылды: 52

Тасқаладағы бөгет суының маңызы зор

«Тамаша жексенбі күн көл басында,

Тұнықтан балық аулап бала отырса...», - деп ақын Қадыр Мырза Әлі жырлағандай, тамаша көріністерге кім тамсанбас. Ауыл іргесінде бұлақ. Жағасында ойнақтап жүрген тай-құлын. Тайдай тулап жатқан өзендегі балықтар. Оны аулап жүрген ауыл балалары. Тамаша емес пе?.. Сондай көрініске көп кешікпей көз жеткіземіз-ау. Ауданға жақын орналасқан Ақтау ауылының маңындағы бөгет ақын Қадыр Мырза Әлінің өлең шумақтарына сай келеді. Былтырға дейін арнасы кеуіп, шөлдеп жатқан бөгетке, ағымдағы жылы көктемде жан біткендей. Оған жан бітірген ел азаматтарының тынымсыз еңбегі.

 бөг1

– Өткен жылы бөгетті қайта құру жұмыстары қолға алынған болатын. Оның құрылысын жүргізген «Брат-М» ЖШС мердігер компаниясы. Қазіргі таңда су жақсы жиналды.

Аудан әкімі Алдияр Сансызбайұлының бастамасымен бөгет құрылысын жүргізу кезінде жан-жақты ойластырылды. Ақтау ауылына кіреберістегі бұлақтың деңгейінен аздап төмендеу жасалды. Олай болу себебі – жер астынан шыққан судың төмен қарай молынан ағуына септігі тиеді. Ағымдағы жылы бөгеттің азын-аулақ шаруалары қалды. Оны енді бөгетке жиналған суды бақылағаннан кейін іске асыру керек болады.

бөг2

Даладағы қардың суы бөгетке айтарлықтай құйылған жоқ. Қазіргі таңда судың деңгейі бірқалыпты. Бөгеттің келесі беті малдың су ішуіне өте ыңғайлы. Бұл күнде бұлақтан өніп жатқан су трубалар арқылы келесі бағытқа өтіп, әрі қарай Оян ауылының бағытына ағылуда. Ол жақта да ауылға жақын сай-саламыз бар. Сол жерлерге су толса, биылғы жылы ауыл малы қиыншылық көрмейді деп ойлаймыз. Жоспарымыз бойынша аталған бөгеттен ауыл ішіндегі саябаққа техникалық су тарту. Сонымен қатар ауыл көшелеріне де тартсақ деген ниетіміз бар. Бөгеттің маңына электрлі су сорғыш моторын қойып, техникалық суды ауыл орталығына жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Кезінде бөгеттің жағалауынан ауыл адамдары картоп еккен екен. Сол үрдісті қайтадан қолға алып жатырмыз. Үш гектар жерді жыртып, дайындап қойдық. Ұжымдық бау-бақша егуге ауыл тұрғындары құлшынып отыр. Біз тек картоп тұқымын жеткізіп береміз. Содан соң сумен қамтамасыз етуді мойнымызға аламыз. Бөгеттің екі жағына көз жүгіртсеңіз, бір жағы биік, бір жағы аласа екендігі байқалады. Сол аласа жағынан аққан су әрі қарай сай-салаға құйып, ауылды айнала бос сумен қамтылады. Бұйырса, алдағы уақытта аталған бөгетке балық жіберуді ойластырып жатырмыз. Биылғы жылы қардың суы жерге тез сіңіп кетті. Ендігі жерде бөгеттегі судың маңыздылығы зор, - дейді Ақтау ауылдық округінің әкімі Нұрсейіт Белгин.

ббб

Аудан әкімі Алдияр Халелов биыл да бірнеше бөгеттің қайта жөндеуден өтетіндігін және оның бәрі де халық игілігіне берілетіндігін өзінің кезекті есеп беру жиынында атап өткен болатын. Айтса айтқандай, бөгеттердің ауыл халқы үшін маңызы орасан зор. Жоғарыда атап өткен Ақтау ауылындағы бір ғана бөгеттің айналасында қанша шаруа жасалмақ... Ол жөнінде де алдағы уақытта тоқталатын боламыз.

 

Темірболат Әнуарұлы,

Тасқала ауданы

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале