Тасқала ауданының әкімі Санжар Әлиев жергілікті тұрғындар алдында есеп берді. Есеп жиынына облыс әкімі Алтай Көлгінов қатысты. Санжар Жұматайұлының айтуынша, аудандағы бірнеше канал жөндеуді қажет етеді. Аудан әкімі облыс басшысына осы мәселенің оң шешуін табуына ықпал етуін сұрады.
- Елбасы Жолдауында жерді пайдалану тиімділігін арттырып, суармалы алаңдарды көбейту қажет екендігі айтылған. Ауданымыздың Мереке, Қазақстан және Шежін ауылдық округтері аумағында ұзындығы 44,83 км Жайықбай-1 (каналдың құжаттар бар), және ұзындығы 28 км Жайықбай-2 (каналдың құжаттары жасалуда) каналдары орналасқан. Бұл каналдар ауылшаруашылық малдарын жазғы мезгілде суаруға және мал азығы шөптерін суландыруға арналған. Қазіргі таңда бұл каналдар (бөгеттерді нығайту, өтпелі көпірлерді қайта жөндеу, шлюздерді ауыстыру, су жиналатын суландыру текшелерін тазарту) күрделі жөндеу жұмыстарын қажет етеді.
Биыл Жайықбай-1 каналына қайта жаңғырту жұмыстарына жобалық сметалық құжаттама жасауды жоспарлап отырмыз. Құжаттама дайындауға 20,0 млн. теңге қаражат қажет. Осыған орай, сметалық құжат дайындауға қаражат бөлу бойынша өзіңіздің орынбасарыңыз Бағдат Оразалдыұлына хат жолданған болатын. Осы мәселенің оң шешімін табуына ықпал етуіңізді сұраймын, - деді аудан әкімі.
zhaikpress.kz
Сурет: Айбатыр Нұраш