23.04.2021, 17:22
Оқылды: 63

Тасқалаға раушан гүлдері жетті

Жуырда Тасқала ауданына қарасты ІІ Шежін ауылында сенбілік ұйымдастырылып, керемет сәттің куәсі болдық. Аталмыш ауыл азаматтарының демеушілігімен Оңтүстік Қазақстаннан жүк көлігіне тиелген жеміс ағаштарымен бірге бірнеше түп раушан гүлдері де ауылға жетті.

 к1

Ауылдың кіреберісінен білім ошағына дейінгі аралықтағы тасжолдың екі жақ бетіне көшеттердің отырғызылғанын көрдік. Жаңаша кейіпке еніп, ауыл одан сайын сәні кіріп қалыпты. Осы орайда ауылдық округ әкімі Алғадай Жамбылұлын әңгімеге тартып көргенбіз.

– Ауылымызда сенбілік ұйымдастырылды. Оған жерлестер жаппай атсалысып, алыстан ат арытып келген көшеттерді көшелерге отырғызды. Айта кетсек, 450 түп арша (можжевельник) ағашы, 100 түп көктерек және 100 түп раушан гүлі ауылымызға жеткізілген еді. Соның ішінде 40 арша ағашы көшеті мен 20 көктерек ағашы көшеті мәдениет үйінің ауласына егілсе, 40 түп арша ағашы мен 60 түп көктерек білім ошағының айналасына отырғызылды. Ауылдың 30 жылдық мектеп түлектері 20 түп көктеректі сол жерде сатып алып екті. Сенбілікке шыққан ауыл тұрғындары жетпіс раушан гүлі мен бірнеше ағаш көшеттерін әкімшілік ғимараттың ауласына отырғызды. Ауылдың кіреберісіндегі Баймолда Карменов көшесінің екі жақ бетіне қалған арша ағаштары отырғызылды. Ауылымыздың атымтай жомарт жігіттері Нұртай Жұмашев пен Ерсайын Ишмұхамбетовтер ауыл сенбілігіне техникаларымен көмектесті. Бұлардың қатарында Орынбасар Өтешов те бар. Атап айтсақ, дәл осы күні ауыл көшесінде шағын жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда ауыл тұрғындары бірнеше жеміс ағаштары мен көшеттерін сатып алды, - дейді ІІ Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл.

к2

Әр көшетті отырғызу тәртібі мен ыңғайы бар. Әкелген ағаштарды жерді қазып отырғыза салмай, оның болашақта тамырын жайып өсіп кетуіне де мән берген жөн. Бұл жерде арнайы мамандар сенбілікке қатысып, ақыл-кеңесін айтып жүрсе де артық болмас.

– Арша (можжевельник) ағашының биіктігі кей кезде 5 метрге дейін барады. Өте жинақы өсетін ағаш. Қыс мезгілінде түсін өзгертеді. Ол кезде күлгін түсті болса, ал жаз кезінде жап-жасыл болып тұрады. Ауаға оттегіні көп шығарады да, көмірқышқыл газын бойына көп сіңіреді. Өсуі өте бояу. Жылына тек 20 сантиметрге дейін өседі. 100 жылға дейін өмір сүре алады. Күнді жақсы көретін өсімдіктердің бірі. Жалпы формасы жинақы өсетін ағаш. Бұтасы қалың болып, биіктігі әдемі кейпінде болады. Қыс кезінде жапырағы түспейді. Біздің облыстың ауа райына жақсы бейімделген. Көбінесе біздің аймақта өздеріңіз байқап жүргендей қарағай, емен, көктерек ағаштары өседі. Ал енді арша (можжевельник) деген ағаш сирек өсіріледі. Негізінен, аталмыш ағаш тайыз егіледі. Тамырының астына құм немесе қиыршық тастар салса, артық болмайды. Себебі оның ылғалдылықты ұстап тұруға пайдасы зор. Су құйған кезде топыраққа сіңіп кетпей, керісінше ылғалдықты сақтап, ағаштың тамырына пайдасын тигізіп тұрса, оның тез өсуіне әсер етеді. Тамыры тік шашақты деп аталады. Және тамыры мен бұтасының жүрегі болады. Ағашты отырғызғаннан кейін 2-3 күн өткесін айналасын қайтадан қадағалауымыз керек. Егер құйған су кепкеннен кейін ашылып кетсе, тамырына салқын тиеді. Сондықтан ашылған жерді қайтадан бітеп қоюға болады, - дейді Бөрлі орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы Төрехан Төлегенов.

Қай ауылға барсаңыз да, қоғамда өзіндік орны бар тәжірибелі еңбек ардагерлерін кездестіресіз. Қазіргі таңда олар қартайдым, болдым деп үйінде жатқан жоқ. Ауылдастарымен бірге сенбілікке шығып, ауылдың тазалығына атсалысуда. Сондай қарттарымыздың бірі – Ғұбайдолла Танабаев. Қолынан күрегі түспейтін қарияны Шежіннің көшесінен кезіктіріп, пікірлескен едік.

– Ауылымыз абаттандырылып, жасыл желекке бөленіп жатыр. Бұған дейін де біраз жұмыстар атқарылды. Оның ішінде ауыл көшелеріне көшеттер отырғызу, тасжол төсеу, ғимараттардың сыртқы келбеттерін жаңарту сынды қызметтер атқарылуда. Сенбілікке ауылдастарымыз түгелдей қатысты. Өзімнің жасым біразға келсе де жерлестеріммен бірге ауылдың гүлденгеніне атсалысқым келеді де тұрады. Отырғызылған көшеттер ауылдың сәніне айналып келеді. Үйдің ауласына егеміз десек, оған да ешкім қарсы емес. Тек ниет білдірсеңіз болды. Биыл ауыл маңындағы бақты қолға алып жатырмыз. Өзім осы көріністерге өте қуаныштымын. Сонау бұрылыстан бері түн қараңғысында жарқырап тұрады. Көшелерімізге тасжол төселген. Бұдан артық не керек? Тек осыны күтіп ұстасақ, - дейді ауыл ақсақалы Ғұбайдолла Танабаев.

 

Темірболат Тоқмамбетов,

Тасқала – Шежін – Тасқала

zhaikpress

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале