Күлкі адамның өмірін ұзартатыны белгілі. Үнемі қуанып, күліп жүретін адамның өмірі шат-шадыман, көңілді болады. Күлімдеу арқылы әрбір жан өзінің көңіл күйін жақсартып қана қоймай, айналасындағыларға да жағымды әсер етеді. Тіпті әзілшыны аралас қалжыңдар адамды емдеуге көмектеседі. Қазақта «Әзілің жарасса атаңмен ойна» деген сөз бар. Бұл күлкі мен әзілдің еш зиян келтірмейтінін, керісінше, көпшілікті шаттыққа бөлейтінін көрсетеді. Қазіргі таңда жұртшылыққа қуаныш сыйлау үшін түрлі бағдарлама көптеп ұйымдастырылып жатыр. Олардың ішінде арзан күлкіге ұрынбай, әлеуметтік мәселелер көтеріп, халықты ойландыратын жобалар да бар. Солардың бірі – «Жайдарман».
Алғашында көңілді тапқырлар клубы ретінде басталған бұл жоба бүгінде жастарға үлкен мүмкіндік беріп, қоғамдағы түйткілді мәселелерді әзілмен қозғау арқылы үлкен танымалдылыққа ие болды. «Жайдарман» ойындарына еліміздің әр өңірінен командалар қатысып, өздерінің ерекше қолтаңбасын қалдырды. Бұл жобаның арқасында жастар өздерінің болашақ бағытын айқындап, кәсіби әзіл әлеміне қадам басты. Мектеп, аудан, облыс және республика деңгейінде тұрақты түрде ұйымдастырылатын «Жайдарман» ойындары еліміздің жастарын ұмтылысқа, жеңіске жетуге ынталандырды.
Осылайша жас әзілшілер мектеп қабырғасынан бастап, республикалық деңгейге дейін көтеріліп, ел алдында өнер көрсететін мүмкіндікке ие болды. Жақында Алматы қаласында өткен «JAIDARMAN JUNIOR» республикалық фестивалінде ауданымыздың жас жайдарманшылары – ауданның мектептен тыс жұмыс орталығының «Драма» үйірмесі оқушыларынан құралған «Жұдырық» командасы бас жүлдені жеңіп алды.
Бұл – команда үшін үлкен жетістік. 40 команда арасынан финалға шыққан 10 командамен жарысып, «Жұдырық» командасы бас жүлдеге ие болды. Сонымен қатар команда мүшесі Саян Сырым «Үздік ойыншы» атанып, Алматы қаласындағы Қ. Сәтбаев атындағы университеттің грантын иеленді.
– Жалпы, бұл жарыс ақпан айында басталған еді. 12 жастан жоғары оқушылардың қатысуымен өткен сайыс өте тартысты болды. Ақтау мектебінің оқушылары «Драма» үйірмесі атынан қатысты. Үйірме жетекшісі ретінде өзім сценарий мен әзілдер дайындап, балалармен бірге дайындық жүргіздім. Алланың қалауымен біз армандаған бас жүлдеге ие болдық. Бұл жеңісіміз – ауданымыздың үлкен жетістігі. Алматыға барып, жеңіспен оралу – біз үшін маңызды жетістік. Осындай жетістік жолында ауданымыздың намысын қорғап жүрген жас таланттарға қолдау білдірген «ASDANER» ЖШС басшысы Әлішер Молдашевқа алғыс білдіреміз. Алдағы мақсатымыз – Орал қаласында өтетін чемпионат лигасында да жоғары нәтижеге қол жеткізу, - деді үйірме жетекшісі Қамбар Рахметов.
Алдағы уақытта да жайдарманшылардың жетістігі көбейіп, биік шыңды бағындыра берсін. Негізі, облыстық және республикалық деңгейде аудан атынан өнер көрсетіп жүрген жастарға жан-жақты қолдау көрсету маңызды. Осындай іс-шаралар жастарымыздың шығармашылық әлеуетін дамытып, еліміздің мәдениетіне өз үлесін қосуына мүмкіндік береді.
Гүлмира Серікқалиқызы
Тасқала ауданы