Халықтың осал топтарындағы азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатырған мемлекеттік бағдарламалар қазақстандықтардың жайлы өмір сүруіне, әркімнің баспана және жұмыспен қамтылуына бағытталған.
Тасқала ауылында 2021-2022 жылдары «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде көппәтерлі арендалық тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп аяқталды. Тұрғынжайлар аудан әкімдігі жанындағы тұрғын комиссиясының шешіміне сәйкес, Қазақстан Республикасының заңнама талаптарын сақтай отырып, тұрғын үйге мұқтаж азаматтары қатарынан аз қамтылған, толық емес отбасылар, жетім балалар және әлеуметтік осал топтағы және бюджеттік мекеме қызметкерлері арасында бөлінді. Жұма күні аудан әкімінің қатысуымен пәтер иелеріне салтанатты түрде баспана кілттері табысталды.
Шарада сөз алған аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов тасқалалықтарды қоныс тоймен құттықтап, бақ-береке, ырыс-ынтымақ тіледі. «Бүгін міне тамаша сәт, көптен күткен үйдің құрылысы аяқталды. Бұл көппәтерлі тұрғын үй Нұрллы жер мемлекеттік бағдарламасы арқылы салынып, пайдалануға беріліп отыр. Елімізде қолжетімді баспана мәселесін шешуге айрықша көңіл бөлініп, қазіргі таңда көптеген тұрғын үйлер салынып жатыр. Осы бой көтерген нысан кезекте тұрған ауыл азаматтарына беріліп жатыр. Қоныс тойларыңыз құтты болсын! Шаңырақтарыңыз шаттыққа толы болып, береке-бірлігіміз арта берсін»,- деді аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов.
Келесі кезекте сөз алған «Беккалиев С.Р» жеке кәсіпкерлігінің бас директоры Сәбит Беккалиев өз лебізін білдірді. « Ауыл тұрғындарын бүгінгі жаңа қоныстарымен құттықтаймын. Құрылыста жүрген адамдарға жалпы екі қуаныш бар, бірінші осы жұмысты ұтып алғанда, екіншісі жұмысты сәтті аяқтап тапсырғанда. Бүгін міне, мен үшін бұл күн үлкен қуаныш. Үйдің құрылысының сапасына қажетті көңілді бөлдік. Берілген қаражатты толықтай игердік. Баршаңызды алған үйлеріңізбен құттықтай отырып, үйлеріңізде бақытты бала-шаға өсіп-өнуіне тілекшімін, - деді Сәбит Бекқалиев. Шара соңында пәтер тұрғыны Мақсат Залиев қоныс той иелерін құттықтады.
"Бүгін ерекше күн. Үйіміздің кілтін табыстап жатыр. Бізге қамқорлық көрсеткені және қолдау білдіргені үшін мемлекетке көп рахмет. Өзім екінші пәтерлі үйді алып отырмын. Үйдің сапасы керемет жасалған. Осындай тұрғын үйді аудан халқы үшін салған азаматтарға рахмет айта отырып, баршаңызды осы айтулы күнімен құттықтаймын», - деді ауыл ақсақалы. Баспана адам өмірі мен тұрмыс тіршілігінде зор маңызға ие ең басты қажеттіліктердің бірі. Тиімді бағдарламаның арқасында соңғы жылдары елімізде көптеген отбасы тұрғын үйге ие болуда. Қазіргі таңда аудан бойынша 467 адам тұрғын үйге кезекте тұр. Алдағы уақытта да бұл азаматтар қоныс тойларын жасап, пәтерлі болады деп сенеміз," - деді.
Болат Бек,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz