22.11.2021, 9:20
Оқылды: 135

Татулығы жарасқан ауыл

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында Бәйтерек ауданы Егіндібұлақ ауылының 85 жылдығына арналған «Ауылым – алтын бесігім» атты кездесу кеші ұйымдастырылды.

IMG-20211119-WA0056

Ауыл әкімдігі мен ауыл кітапханасы бірлесе өткізген шара басталмас бұрын округ әкімі Ринат Ескендіров ауылдың өсіп-өркендеуі жолында аянбай еңбек еткен қазыналы қариялар мен кеш қонақтарына Егіндібұлақтың көрікті жерлеріне экскурсия ұйымдастырды. Салынып жатқан емхана, күрделі жөндеуден өтіп жатқан мәдениет үйі мен жас мамандарға арналған жатақханаға, балалар ойын алаңына барған шара қатысушылары туған жердегі өзгерістерге көңілдері толатынын айтып, ауыл әкіміне ризашылықтарын білдірді.

IMG-20211119-WA0048

Одан әрі кездесу арнайы дайындалған орында жалғасты.

– Аудан шетінде орналасқан шағын ғана ауылдан шыққан құрметті азаматтар ортамызда жүр. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының «Туған жер» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған кешке алтын уақыттарыңызды бөліп, ауылға ат басын тіреп келгендеріңіз үшін баршаңызға алғысым шексіз. Елдің тарихы мен мәдениеті, іргетасының қалануы, дамуы мен гүлденуі – көп жылдар бойы тынбай қызмет еткен сіздердің қажырлы да қайратты еңбектеріңіздің жемісі. Сонау тоқырау жылдарынан бастап еліміз тәуелсіздік алғанға дейін қаншама қиын кезеңдерді еңсеріп, кейінгі ұрпаққа туған жеріміздің мирас болып жетуі – сіздердің елге деген адалдықтарыңыздың нышаны. Сондықтан тарихы терең, қойнауы тылсымға толы туған жерге сіңіріген еңбектеріңіз үшін мың алғыс. Егіндібұлақ ауылының 85 жылдығы құтты болсын, – деді кеш қонақтарына "қош келдіңіз" айтқан округ әкімі Ринат Ескендіров.

Терең тарихы бар ауыл бүгінде ажарлы кейпімен, базарлы тұрмыс-тіршілігімен аудандағы үлгілі де алдыңғы қатарлы ауылдардың біріне айналып келеді. Егіндібұлақтық ауыл азаматтарының қолдауымен, жаңа нысандар бой көтеріп, халық игілігі үшін маңызды шаралар атқарылып жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Бұл туралы өз сөзінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр айтты.

IMG-20211119-WA0053

– Егіндібұлақ ауылы – 85 жылда үлкен тарихты басынан өткерген, даму жолымен ерекшеленетін жердің бірі. Сондай-ақ осы аудандағы ең бір қаймағы бұзылмай, қандай қиындық болса да, қазақы дәстүрді сақтап, жалғастырып келе жатқан ауыл. Аудан бойынша осы Егіндібұлақ ауылынан ғылым докторы, ұлағатты тұлғалар, зиялы қауым өкілдері түлеп шыққан. Бұл ауыл – сан ғасырлық тарихы бар, қойнауы шежіреге толы мекен. Сондықтан болашақта біздер Егіндібұлақтың тарихын әлі де саралап, зерттеуміз керек, –деді ішкі саясат басшысы Нұржан Дүзбатыр.

Кейін аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің басшысы Жеңісгүл Жаңабаева сөз алып, Болат Қанапиұлы сиқты медицина саласының білгірін түлеткен ауылдан әлі талай мықты азматтар мен азаматшалар шығатынына сенім білдірді.

IMG-20211119-WA0055

Сондай-ақ ауылдастар басы қосылған кешке арнайы келген Виктор Железнов, Дәулет Убаев, Мария Кашапова, Өтеген Сакпиреев, Зауреш Сакпиреева, Қожағали Айтимов сынды қонақтар балалық шағы өткен бір кездегі Цыганов, қазіргі Егіндібұлақ ауылының тарихынан сыр шертер әңгімелер айтып, қызықты естеліктермен бөлісті.

Ел тарихын түгендеп, жастарға ауылды сүюдің үлгісін көрсеткен қызықты кеш барысында ғұмырының соңына дейін туған жерінде елеулі еңбек еткен азаматтардың рухына бір минут үнсіздік, ауылдың дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан азаматтарға алғыс жарияланды.

Туған жерге тағзым ету – перзенттік парыз. Егіндібұлақтың дамуы мен өркендеуіне сүбелі үлес қосар абыройлы да адал ұрпақтар көп болсын.

Альбина Бәтенова,

Бәйтерек ауданы

 zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале