Теректі ауданында тәуекел тобына жататын балаларды қорғау және қолдау мәселесі күн тәртібіне шықты. Аудан әкімі
Әлия Мұханбетжанованың төрағалығымен өткен кеңесте бұл бағыттағы жұмысты күшейту жолдары жан-жақты талқыланды.

Кіші мәжіліс залында өткен жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, білім беру, денсаулық сақтау және құқық қорғау органдарының өкілдері, сондай-ақ тиісті бөлім басшылары қатысты. Жиында әр сала бойынша атқарылып жатқан жұмыстар сараланып, өзекті мәселелер ортаға салынды.
Бұл мәселе тек аудан көлемінде ғана емес. Батыс Қазақстан облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу бойынша өткен облыстық кеңесте нақты тапсырмалар берілген. Аталған жиынға Республикалық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі өкілі Д. Закиева қатысып, жүйелі жұмыс жүргізу міндетін жүктеген болатын. Осыған байланысты Теректі ауданында да аталған бағыттағы жұмыстарды күшейту мақсатында арнайы кеңес ұйымдастырылды.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша аудандық білім беру бөлімінің басшысы Индира Амертаева баяндама жасап, саладағы ахуалға тоқталды. Оның айтуынша, тәуекел тобына кіретін балалармен жұмысты жүйелеу, олардың психологиялық және әлеуметтік жағдайына тұрақты мониторинг жүргізу, сондай-ақ әр балаға жеке сүйемелдеу жұмыстарын ұйымдастыру басты назарда.
Жиын барысында жауапты мекемелердің өзара байланысын күшейту, білім беру ұйымдарында профилактикалық жұмыстарды жандандыру, ата-аналармен тұрақты байланыс орнату қажеттігі ерекше атап өтілді. Сонымен қатар, әрбір жағдайды жеке қарастырып, дер кезінде көмек көрсету – басты міндеттердің бірі екені айтылды.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша Отбасын қолдау орталығының директоры Мирас Сапарғалиев сөз алып, өз саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, орталық құрылған уақыттан бері аудан көлемінде жүйелі жұмыс жолға қойылып, мобильдік топтар арқылы барлық ауылдық округтер қамтылған. Қазіргі таңда орталық тарапынан тұрғындарға әлеуметтік, құқықтық және психологиялық бағыттарда кешенді қолдау көрсетіліп келеді. Сондай-ақ, тұрмыстық қиын жағдайға тап болған отбасылармен жеке жұмыс жүргізіліп, әрбір жағдай бойынша тиісті шаралар қабылдануда.
Жиын қорытындысында аудан әкімі жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, тәуекел тобындағы балалармен жұмысты тек бақылауда ұстап қана қоймай, нәтижеге бағыттап, жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Әдемі Талғатқызы
Теректі ауданы