21.07.2020, 15:18
Оқылды: 122

Тәуелсіз Қазақстанның тарихы Ленинмен шектелмеуі тиіс

Ескерткіш – тарихтың көрінісі. Әр ауыл мен қаладан ақын-жазушыларымыздың, ұлтымыздың қалыптасуына зор еңбек сіңірген тұлғалардың тас мүсіндері жас ұрпақтың санасында сілкініс жасауға сеп болады. Алайда тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға  жуық уақыт болса да Кеңес үкіметінің, озбыр саясаттың көріністері төрімізден түсер емес.

4D07CE87-F943-488E-8E89-58CA3803926E

Теректі ауданына қарасты Долин ауылдық округінде қос бірдей Ленин ескерткіші бар дегенде сенбегеніміз рас. Көзбен көрейік деп Долин ауылын бетке алдық.

Расымен, Долин ауылының орталығында қасқайып Ленин тұр. Ескерткіштің жанына терек өсіп, оны ыстықтан қорғап тұрғандай құдды. Күн көсемнің күннен жасырынғанын көрер күн бар екен. Дәл осындай ескерткіш округке қарасты Төңкеріс ауылында да бар дейді тұрғындар. Округ әкімін сөзге тарттық. Талғат Манатауов журналистердің келуін күтпегені анық. Абдырап қалды. Одан кейін ауылдың қақ төріндегі ескерткіш жайында сөз қозғады.

- Долин ауылында 7 ұлт өкілі тұрады. Халық пікірін де елеп, ескеруіміз керек. Бұл ескерткіш те тарих ретінде саналады. Ауылдың үлкендерімен тілдесіп, келісімін алып Ленин ескерткішін орталықтан алып тастаймыз деп жоспарлаған едік. Қазір бір-екі сағат көлемінде осы жұмыстарды жасаймыз,-дейді Талғат Бисенғалиұлы.

9598ED96-CED2-44F0-A802-FAAB64BAB1DC

Журналистер суретке түсіріп үлгергенше, трактор да келе қалды. Түсінбегеніміз, ұрпақ санасын өзге арнаға бұратын «тарих» тәуелсіз Қазақстан үшін қаншалықты керек? Ауылға журналистер келмесе Ленин ескерткіші күннен қорғанып, ауылдың ортасында қанша жыл тұрар еді?

Тарихқа үңілсек, қазақ халқының басынан нелер келіп, нелер кетпеген. Аштықты да, қызыл қырғынды да, сталиндік репрессияны да бастан кешірді. Бірақ осы қиын-қыстау кезеңдердің бәрінде де қазақ қазақтығын, елдігін көрсетті. Отанымыз тәуелсіздікке жеткенше үш жүз жылға жуық бодандықтың бұғауында, жетпіс жылдан аса кеңестік кезеңнің шырмауында болды. Сол бір Кеңес Одағында Қытайдың ұлы қорғанындай алынбас саясат жүргізген В.И.Ленинді түртпей кетпеу мүмкін емес. Ол ХХ ғасырдың дара тұлғасы, халыққа жұмақтай коммунизмді құруды көздеген саясаткер ретінде дәріптелді. Ленин енгізген ереженің де, орнатқан темір тәртібінің де ғұмыры ұзаққа барды. Елде жаңа экономикалық саясат орнығып, барлық мекемелер мен кәсіпорындар мемлекет меншігіне өтті. Дін апиынға теңеліп, шіркеулер мен мешіттер қирандыға айналды. Бір сөзбен айтқанда, Ленин өз заманында коммунистердің табынушы тұлғасы болды.

C63BBFCD-D28A-45FF-B9EA-E359E6C3A66E

Алайда Ленинге дейін де қазақта тарих болды ғой? Долиннің төрінде Әлихан Бөкейханов, қала берді, 175 жылдығын ел болып тойлап жатқан Абайдың ескерткіші неге тұрмайды? Бұл құрметке Ленин лайықты да, Абай лайық емес пе?

Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, егемен елімізде Лениннің 159 тас тұғыры бар екен. Ал Қазақстандағы 352 көше Ленин есімімен аталуы мақтаныш па, ұят па?

Әлбетте, өткенді ұмытпау – ұрпақ парызы. Дегенмен қазір еліміз Ресейдің немесе лениншіл саясаттың ырқында емес, мектеп, жоғары оқу орындарында да ол туралы енді оқытылмайды, демек, ұмытыла бастаған «күн көсем» мүсіні неге алынып тасталмайды?

Әңгіменің әфсанасы әріде жатыр. Халық сенген депутаттар Ленин ескерткішін алуға түбегейлі қарсы екен. Міне, «балық басынан шіридің» кебі. Мәжілістегі "Халық коммунистері" фракциясының мүшесі Владислав Косарев "Бізде кеңестік уақыттағы ескерткіштерді сақтау үшін қандай моралдық жауапкершілік қарастырылған? Лениннің ескерткіші қоқыста жатқан қалада өмір сүруге болмайды ғой. Ал бізде қоғам мәдениетіне жауапты Мәдениет министрлігі бар»  депті бір жиында. Кезінде халық қалаулысы қатты «аңсап» отырған Ленин турасында Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Уинстон Черчилль: "Ол бәрінің тас-талқанын шығарды. Құдайды да, елді де, сотты да, ғасырлар бойғы заңдар мен дәстүрді де тас-талқан етті",- деп, турасын айтқан.

Долин ауылына барғанда Юлия есімді ауыл тұрғынының пікіріне елең етіп, тыңдай қалдық.

- Ленин - коммунистік партияның көсемі. Ал бүгінгі қоғамда партия әлі өмір сүріп жатыр. Парламентіміз көп партиялы, онда осы партиядан сайланған депутаттар отыр. Онда неге Лениннің ескерткіші шеттетіледі,- деп сұрақты төтесінен қойды.

Ия, кезінде Қазақстан халықтық  коммунистік партиясына Парламент төрінен орын берілмеуі керек еді. Алайда біздің билік Мәжіліске «Ауыл» немесе «Әділет» сынды партияны жіберудің орнына, коммунистік партиясын жіберді. Бұл, әрине, біздің билікте ұлттық ұстанымның жоқ екендігін тағы бір дәлелдесе керек.

Қазір заман басқа. Тәуелсіз мемлекетте жаңа буын қалыптасып келе жатыр. Олар Лениннің кім болғанын да, кім екенін де білмейді. Білуге де құштар емес. Өз-өзімізді енді ғана танып жатқанда, Лениннің "жырын жырлап", ескінің сарқыншағын санамызда жаңғыртпай, халық жадынан аластатқан орынды іс. Оның орнына ұмыт болған ақын-жазушыларымыз бен есімі халыққа жетпеген ерлерімізді неге насихаттамаймыз? Сол ата-бабаларымыздың ерлігін өскелең ұрпақ жадына сіңіріп, тәуелсіздігіміздің тұғырын жоғары көтеріп, болашаққа қадам бассақ жараспай ма?!

Долиндегі Ленин ескерткішінің орнына қазақтың бір зиялысы орнығады деп сенеміз. Ал Төңкерістегі ескерткіштің машақаты бөлек болайын деп тұр. Округ әкімінің айтуынша, жергілікті халық тас тұғырды алып тастауға қарсы. Алайда түсінік жұмыстарын жүргізіп, бір аптада шешімін шығарамын деп уәдесін берді әкім. Сенейік. Тәуелсіз Қазақстанның тарихы Ленинмен шектелмеуі тиіс. Тарихты дәріптеу керек болса, күн көсемге дейін де ғасырлар бойы қалыптасқан тарихымызды ұлықтайықшы. Рухымызды оятатын сәт келді. "Орыстанған" деп қолдан айдар таққан ауданды қазақыландыратын кез келген сыңайлы.

Әділет Орынбасаров,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале