Жансұлу Кабасова 1991 жылы 28 тамызда Батыс Қазақстан облысы, Бөкей ордасы ауданы, Сайқын ауылында дүниеге келген. 1998 жылы Сейтқали ауылындағы бастауыш мектебіне 1-сыныпқа қабылданды. 2007 жылы 9 жылдық білім алып, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледжіне оқуға түсіп, 2011 жылы «Бастауыш жалпы білім беру» мамандығын үздік дипломмен тәмамдайды. 2012-2015 жылдары Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін «Бастауыш оқытудың педагогикасы және әдістемесі» мамандығы бойынша аяқтады.
Еңбек жолын 2012 оқу жылы Асан мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болып бастады. Мұғалім бола жүріп, жастар саясатын қолдау барысында «Қуыршақтар» театрында жетекші рөл атқарды. Қуыршақ театрының қойылымдарымен Бәйтерек ауданына қарасты ауылдарға түрлі ертегілер қойды. Сонымен қатар, оқушылардың оқуға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Самал» газетінің редакторымен тығыз байланыс жасап, оқушылардың шығармашылық жұмыстарын, мақалаларын газетке үнемі жолдап отырған. Оқушылар «Самал» журналына жазылып, ішіндегі қызықты мақалалар, өлеңдер, жұмбақтар мен жаңылтпаштарды асыға күтетін.
Кейін 2015 жылы отбасы құруына байланысты Бөрлі ауданы, Ақсай қаласының №6 мектеп-лицейіне бастауыш сынып мұғалімі болып қызметке орналасады.
Еңбек жолында талай жетістіктерге жетіп, мектеп абыройын асқақтатып жүрген ізденімпаз ұстаз.
2014-2015 оқу жылы «Менің алғашқы қадамым» жас мамандар арасындағы аудандық байқауында «Жаңашыл ұстаз» аталымын жеңіп алды. 2015-2016 оқу жылында «Ең үздік флипчарт сабақ» аудандық сырттай байқауында ІІ орын алды. 2018-2019 оқу жылында республикалық қашықтық олимпиадасында (КИО) І орын иеленді. 2018-2019 оқу жылы бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған қашықтық олимпиадасында ІІІ орынға ие болды. 2018-2019 оқу жылы бастауыш сыныптар пәні бойынша қашықтық олимпиадасында І дәрежелі диплом иеленді.
Жансұлу ұстаз Д.И.Менделеевтің «Мұғалім ең жауапты міндет орындайды – ол адамды қалыптастырады» деген сөзін ұран етіп, оқушының дұрыс қалыптасуынаталмай еңбек етіп келе жатқанына биыл тоғызыншы жыл.
Мұғалімдік жолға кездейсоқ келмеді. Ағалары, апалары ұстаздық жолында қызмет етеді. Атасының «Мұғалім әрқашанда биік ұғым, мұғалім бол, білімді бол!» деген қанатты сөзін әркез жадында сақтап, Тәуелсіз мемлекетте, ашық аспан астында төменге құлдырамай, биікке самғауға талпынып келеді.
Тәуелсіздіктің құрдасы болу да – бір бақыт. Отанымыздың даңқын асыру – біздің міндетіміз. Тәуелсіздіктің ақ таңында туып өскен біздер үшін бұл үлкен қуаныш, ұлы мереке. Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік, халқымыздың абырой-беделі асқақтай берсін!
Бөрлі ауданының білім беру бөлімі