28.04.2026, 15:15
Оқылды: 25

Тазалық – ортақ міндет

Көктемнің шуақты күндерімен бірге елімізде «Таза Қазақстан» республикалық акциясының жаңа кезеңі бастау алды. Бұл бастама – тек сенбілікпен шектелетін шара емес, ол қоғамдағы экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам.

Репортаж сенбілік (2)

Аталған акция аясында Бөрлі ауылының тұрғындары мен жастары ерекше белсенділік танытуда. Жақында ауыл орталығы мен көшелерінде ауқымды сенбілік өтті. Игі шараға ауыл тұрғындарымен бірге Бөрлі колледжінің жүзден аса студенттері мен оқытушылары бір кісідей атсалысты. Сенбілік барысында ауылдың кіреберіс жолдары, саябақтар мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, ағаштар әктеліп, ретке келтірілді. Шараға арнайы қатысқан ауыл әкімі Әзілхан Зарифов тазалықтың маңыздылығына тоқталып, тұрғындарды қоршаған ортаға ұқыпты қарауға шақырды. «Тазалық – табалдырықтан басталады. Бүгінгі шараның басты мақсаты – ауылымызды абаттандыру ғана емес, жастардың бойында экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру. Колледж ұжымы мен студенттердің бұл бастамаға қолдау көрсетуі — өскелең ұрпақтың туған жерге деген жанашырлығының айғағы», — деді ауыл әкімі Әзілхан Уәлиханұлы.

Дегенмен, тұрмыстық қалдықтар мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Күнделікті өмірде пайда болатын қоқыстың дұрыс сұрыпталмауы, арнайы орындарға тасталмауы – экологиялық мәдениеттің жеткіліксіздігін көрсетеді. Кейбір тұрғындардың бейқамдығы салдарынан қала мен ауыл шетінде бейберекет төгілген қалдықтар табиғатқа зиян келтіріп қана қоймай, жалпы санитарлық жағдайға да кері әсерін тигізуде.

Репортаж сенбілік (1)

Мамандардың айтуынша, тазалық – тек коммуналдық қызметтің емес, әрбір азаматтың жауапкершілігі. Осы орайда «Таза Қазақстан» акциясы халықты ортақ іске жұмылдыруды көздейді. Бөрлі колледжінің студенттері тек сенбілікке қатысып қана қоймай, ауыл тұрғындары арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, «Тазалық - иманның жартысы» деген нақылды іспен дәлелдеп келеді.

 

Айжарық Нұр

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале