24.11.2020, 15:14
Оқылды: 128

Тазы – иттің тектісі

Қазақта «иттің жақсысы – тазы» деген сөз бар. Бұл ата-бабамыздың осы бір тазы тұқымды итті қалай бағалағанын көрсетеді. Оны аз десеңіз, тазы – жеті қазынаның бірі деп, жігіттің жүйрік ат, қыран құспен қатар тұратын үш серігінің біріне балаған. Кезінде бір ауылды асыраған иттің сырттаны саналатын тазы баптау, оның тұқымын көбейту ісі бұрынғы жылдары тоқтап қалып еді. Дегенмен, ұлттық құндылығымызды сақтап, ит баптауды жанына серік еткен азаматтарымыздың арқасында осы бір мәдени мұрамызды жаңғырту мүмкін болғандай.

тазы 2

Елімізде тазы қанын тазартып, оның тұқымын көбейту мақсатында түрлі көрмелер мен сайыстар ұйымдастырылып тұрады. Тазы асырап, иттің осы тұқымының көбеюіне, ұлттық құндылығымыздың сақталуына өз үлесін қосып отырған жандар бар.

Тасқала ауданының тұрғыны Абзал Татмаков 1991 жылы дүниеге келген. Бала кезінен ат үстінде желмен жарысып, бәйгеге жүйрік қосып өскен. Оның ең керемет ермегі – аңшылық. Бұл іспен айналысып келе жатқанына алты жылдай болған. Атасы да бұрындары аңшылықпен және тазы ұстаумен айналысқан деседі. Төрт тазысы бар, соның ішінде ең жүйрігі – «Тұрымтай» атты тазысы.

Жуырда Ақтөбе қаласындағы республикалық тазы жарыстыру сайысынан оза шауып, қанжығасына бас жүлдені байлап келген. Бұл жарыста 66 тазы арасынан Тұрымтай озып, бас жүлдені иесіне алып берген еді. Ол өте жүйрік. Қашқан қоян мен түлкіні қалт жібермейтін алғыр, кезі келсе, ақбөкен алады. Қажет болса, қабан қуады.

«Болашақта тазы тұқымды иттердің санын көбейтсем деген ойым бар. Онсыз да айрылып қала жаздаған асылымыздың мүлдем құрып кетпеуіне тигізер менің үлесім осы ғана» деген жігіт ағасының бұл ісі құптарлық.

Тазы баптау – біздің мәдени мұрамыз. Сондықтан оны бағып, оның тұқымын асылдандыру ісін қолға алған азаматтарымызға қолдау көрсетілер болса, ұтарымыз көп болады.

Бүгінде үлкендердің батасын алған қара шаңырақтағы кенже ұлдың ермегі – саятшылық пен бәйгеге ат қосу. Яғни, ат баптау. Оның аңға салып жүрген үш құмай тазысы бар. Соның ішінде Тұрымтайы бір төбе. Саятшылық кезінде өте шыдамды. Иесінің қасынан бір елі қалмай ілесіп жүреді. Итке тән адалдығы ма екен, әйтеуір оған ықылас бөлек. Ол ырғып қашып кетпекші болған қоянды желкесінен тістеп алып жұлқи жөнеледі. Қожайыны келіп ажыратпайынша тісін жыртқыштан босатпайды. Көптеген сайыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр екен. Шыңғырлаудан II орын, Тасқала ауданында «Қансонар» атты сайыста I орынды ұтып алған. Рауан атты досының сыйға тартқан «Құндыз» деген ұрғашы тазысымен қосып, одан туған «Тұрымтай» деген күшігі осы. Жүйрік пен жүйрік тазыны қосып шығарған асыл тұқым деседі.

таз 1

– Тұрымтайға әрқашан сенімді боламын. Балаңа қандай мейірім төксең, тазыларға да солай қарау шарт. Өйткені олар адамға адал еңбек етеді. Бір жерің ауырса, сезеді. Үйдегілер де сенімді болды. Ағам бірден «Тұрымтайдың жүлдесіз қалмайтынына сенімдіміз» деп айтып еді. Мен де сондай сеніммен бардым. Негізі, өз басым жүлде үшін барған жоқпын. Тұрымтайдың жүйрік екенін дәлелдеуге барғанмын. Тазымның түрі шашақ құлақты. Құлағында және құйрығында шашақтары бар. Қай түрі болмасын, өте жылдам, өте еңбекқор. Тазы сенің көзіңе қарап-ақ не қалап тұрғаныңды сезеді. Өте талапшыл. Асыраймын деп шешсеңіз, тазы тұқымы туралы жақсы білу керек. Қаны шатыспас үшін, тазыны тазылармен ғана қосу керек. Жылуды жақсы көреді. Тамағына жақсы көңіл бөліп, етті бір қайнатып берген дұрыс. Ал күшіктеріне алты айға, яғни ит тісі шыққанға дейін ет беруге болмайды. Тамағы құнарлы, бірақ аз болуы тиіс. Тым тойып алса, қозғалуы қиынға айналады. Тазылар адамға шаппайды. Оларды байлауға болмайды. Көп жүгіруі керек. Сынағыңыз келсе, аңға шығарыңыз. Тазылар қоян, түлкі, шибөрі, қарсақты жақсы алады. Өйткені тазыны тек далада тұратын адамдар асырайды. Мінекей, менің ит күтіміне қатысты айтарым – осы. Тазы асыраймын, аңға ит қосамын деген жігіттер болса, осы әңгімемде іліп алар дүние болса, алсын. Ондай жігіттер табылып жатса, қуанамын, - дейді Абзал Татмаков.

Тазы Қазақстанда ұлттық тұқым деп мойындалған. Десе де, ол тазының ежелден қазақтың иті екенін дәлелдеуге жетпей тұр. Сондықтан да осындай көрмелер мен сайыстар көмегін тигізсе игі. Қазақта «құмай тазы» деген сөз бар, жақсы жүйрік, алғыр тазыларды «нағыз құмай тазы» деп жататыны осыдан болса керек...

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале